Карантин кезінде медициналық бетперделерді тағу қажеттілігі туралы бұған дейін бірнеше рет айтылған болатын. Осыған орай, Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада санитарлық қауіпсіздік режимін қатаң сақтау шараларын қабылдауды тапсырды.
Қала бойынша енгізілген режим індетті жұқтырғандар санын шектеу және оны тұрақтандыру тұрғысынан өте маңызды. Азаматтардың режимді қатаң ұстану қажеті бойынша ескерту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Алайда қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, режимді сақтамайтын адамдарға қатысты әкімшілік жазалау мен басқа да шаралар қолданылады. Сондай-ақ лауазымды тұлғалармен қоса, өз объектілеріне азаматтарды бетпердесіз жіберетін кәсіпкерлер де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осыған байланысты Jas Otan Жастар қанатының алматылық филиалы қала тұрғындарына медициналық бетперделерді қолданудың және қажетті қашықтықты сақтаудың маңызы туралы ескерту және түсіндіру бойынша «Өз жақындарыңды сақта» акциясын іске қосты.
Акция аясында арнайы оқудан өткен Jas Otan еріктілері қатарынан мобильді топтар құрылды. Мобильді топтардың міндеті – күшейтілген түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қажет болған жағдайда медициналық бетперде тарату және температураны өлшеу.
Jas Otan еріктілерінің 4 мобильді тобы үш жерде, яғни «Көк базар», Арбат және қоғамдық көліктерде рейд жүргізді. Рейд барысында 2 000-нан астам адамға режим туралы түсіндіріліп, 2 000-ға жуық медициналық бетперде таратылды. Сондай-ақ Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы вирусты жұқтыру қаупін төмендету мақсатында қала тұрғындарын карантин режимін қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, науқан алдағы күндері қаланың барлық аудандарында жалғасады.