Жарылыстан бір минут бұрын: Полицейлер үш адамды құтқарды
Жарылыстан бір минут бұрын: Полицейлер үш адамды құтқарды
фото: ашық дереккөз
226
оқылды
Алматы облысының полицейлері жол апатына ұшырап, өртеніп жатқан жүк көлігінен үш адамды шығарып үлгерді. Сәлден кейін жарылыс болған, деп хабарлайды Polisia.kz. Естеріңізге сала кетейік, 27 мамыр күні Алматы-Бішкек автожолында «Toyota Land Cruser-100» автокөлігі мен «Mersedes Benz-817» маркалы жүк көлігі соқтығысқан. Екі көлік өртеніп, бір адам қаза тапты. «Алматы-Бішкек» автожолының 137 шақырымында болған апат орнына келген патрульдік полиция қызметкерлері өртенген жүк көлігінің жүргізуші мен екі жолаушыны құтқарып қалды. «27 мамырда патрульдік полиция экипажы құрамындағы аға лейтенант Ардақ Ерұзақов пен лейтенант Диас Кебеков сағат 23.10-дар шамасында «Алматы-Бішкек« автожолынан батысқа қарай 3 шақырым жерде болған жол апаты туралы хабар алып, оқиға орнына барған. Жанып жатқан көліктерді көріп, тәртіп сақшылары ойланбастан адамдарды құтқаруға кіріскен. Олар жүк көлігінің жүргізушісі отыратын жаққа жете алмаған, себебі жеңіл автокөлікті ораған жалын жүк көлігін шарпи бастаған. Кабинада қалып қойған жаралы жүргізуші мен екі жолаушы өздігінен көліктен шыға алмаған. Полиция қызметкерлері оқиға орнында болған екі жігітпен бірге, майысып қалған жолаушы есігін күшпен ашып алдымен екі жолаушыны, содан кейін жүргізушіні сыртқа шығарған. Жүргізушіні құтқару қиын болған. Себебі оны қауіпсіздік белдігін босатуға тура келген. Зардап шеккендердің барлығы эвакуацияланған кезде, жеңіл автокөліктің газ баллоны жарылып, жүк көлігінің кабинасына толық отқа оранған. "Ал дәл сол жерде бір минут бұрын ғана адамдар болған", - деді Алматы облысы ПД Жол-патрульдік полиция батальонының командирі Нұрлан Ысқақов. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар зардап шеккен адамдарды жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізді. «Өкінішке орай, «Toyota Land Cruser-100« жүргізушісі Жамбыл облысының 67 жастағы тұрғынын құтқару мүмкін болмады. Осыған орай, басшылық пен жеке құрам атынан жақындарына көңіл айтамыз», - деді Нұрлан Ысқақов.