«1920-1930 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін, ашаршылық ауыр азап болды және адамдыққа жатпайтын әлеуметтік эксперимент нәтижесінде 3 миллионнан астам отандасымыз қаза тауып, жер аударылды». Бұл- Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев келтірген мәлімет. Ол бұл деректерді Қазақстан халқы Ассамблеясы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты конференцияда айтты.
Оnline-конференция жұмысына Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Д.Абаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев, Парламент депутаттары, шетелдік және қазақстандық сарапшылар мен ғалымдар, жазаланғандардың ұрпақтары, ҚХА мүшелері, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым, Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық қоғамдастығы, мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Шара барысында спикерлер Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың қазақ халқына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтірудегі рөліне тоқталды. Конференцияда сөз сөйлеген Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Д.Абаев: «31 мамырда 100 мыңға жуық саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске аламыз. Қайғылы оқиғаны ұмытпау – біздің азаматтық парызымыз. 1920-1930 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін, ашаршылық ауыр азап болды және адамдыққа жатпайтын әлеуметтік эксперимент нәтижесінде 3 миллионнан астам отандасымыз қаза тауып, жер аударылды. Бұл оқиға халқымыздың жанына жара салды. Сол үшін Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев егемендігіміздің алғашқы жылдарынан саяси-қуғын сүргін құрбандарын есте сақтап, рухына тағзым етуге зор мән берген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы ұстанымды жалғастырып келеді», – деді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев тарихи ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, қуғын көрген азаматтарды ақтауда Елбасының рөлі зор болғанын айтты.
«1988 жылы Қазақстан Компартиясы ОК қаулысымен қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдері: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов т.б. ақталды. Қазіргі уақытта архив материалдарын зерттеу жұмыстары жалғасуда. Елбасының тағылым саясатының тағы бір бағыты қазақ ұлттық интеллигенциясы өкілдерін толықтай тарихи ақтау болып табылады», – деді Ж.Түймебаев. Өз кезегінде сенатор Нұрлан Дулатбеков саяси қуғын-сүргін әлі де толық зерттелмегенін айтты.
«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасының іс-шаралары тұңғыш рет 2010 жылы ТМД-ға мүше мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастығының мемлекетаралық қорының қолдауымен елордада және «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінде ұйымдастырылды. Іс-шара содан кейін жыл сайын өткізіліп келеді.