Нұр-Сұлтанда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамына кіретін компаниялар тобының есеп беру жиыны өтті. Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов былтыр атқарылған жұмыстарға оң баға берді.
2019 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазынаның» компаниялар тобы 922 млрд теңге көлемінде операциялық пайда (NOPLAT) түсірген, бұл жоспарлы көрсеткіштен 20,5 пайыз немесе 157 млрд теңге артық. Таза табыс 1 256 млрд теңгеге жетті, бұл жоспардан 38 пайыз көп.
«Самұрық-Қазынаның» ішкі қарызы 2017 жылдан бастап қазірге дейін 1 трлн теңгеге азайды, ал сыртқы қарыз 5,1 млрд долларға төмендеді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша акционерге түсетін дивидендтер 189 млрд теңге болды.
«Бұл нәтижелер 2018 жылдың сәуірінде Елбасы бекіткен қордың жаңа стратегиясының арқасында іске асырылды», – деді Ахметжан Есімов.
2019 жылы қордың компаниялар тобынан бюджетке құйылған қаржы 1,2 трлн теңгеден асты. Бұл – елдің жиынтық бюджетіне түсетін түсімнің 10 пайызы.
Ашық тендер және баға ұсыныстарын сұрату әдістерінің үлесін арттыру арқылы сатып алудың жаңа моделіне көшу 155 млрд теңге үнемдеуге ықпал етті.
«Эйр Астана» компаниясының табысы 2018 жылмен салыстырғанда 17 пайыз өсті. «ҚазМұнайГаз» компаниясының таза пайдасы 39 пайыз артты. «Қазақстан темір жолы» компаниясының операциялық кірісі былтырға қарағанда 35 пайыз ұлғайды.
Басқосу соңында портфельдік компаниялардың тиімділігін арттыру мақсатында 2020 жылға арналған негізгі міндеттер белгіленді.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ