Бүгін түнде ТЖ мен карантин режиміне байланысты Алматы маңына қойылған блок-бекеттер алынады. Бұл туралы шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.
«1 маусымға қараған түні қаланың периметрі бойынша орналасқан блок-бекеттерді аламыз. ТЖ режимі кезінде бұл бекеттер қаладан шығу және қалаға кіруді шектеді. Бұл – коронавирустың таралуын тоқтату үшін қажет болды. Барлық полиция, санитарлық қызмет, фито- және ветбақылау қызметкерлеріне, аудандық әкімдіктер мен Ұлттық гвардия, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілеріне алғысымды білдіремін», – деген Б.Сағынтаев осы 2,5 айдың ішінде олар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындап, тәулік бойы қызмет көрсеткеніне тоқталды.
Қала әкімі шектеулерді алуға елде, соның ішінде Алматы бойынша жағдайды тұрақтандырудың арқасында мүмкін болғанын ерекше атап өтті.
Б.Сағынтаев барлық кәсіпорындар мен ұйымдар санитарлық қауіпсіздіктің күшейтілген шаралары негізінде жұмыс істейтінін еске салды. Үйлерді, аула алаңдары мен көшелерді дезинфекциялау жүргізіле береді.
«Белгіленген тәртіпке бағынып, сангигиена мен әлеуметтік қашықтықты сақтап, қорғаныс бетперделерін киіп жүруге шақырамын. Бұл қазіргі өмірдің қалыпты нормасына айналуы тиіс. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!», – деп қорытындылады сөзін шаһар басшысы.