Түлектер онлайнда бас қосты
Түлектер онлайнда бас қосты
229
оқылды
Түлектермен баянды байланыс орнату әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің идеялық-тәрбиелік жұмысының ажырамас бөлігі. Ғаламдық білім кеңістігінде танымал қазақстандық жетекші ғылыми-зерттеу орталығы ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өз түлектерінің өмір жолына жіті көз жіберіп, қарашаңырақтың әлеуметтік саладағы, ғылым және білім өрістеріндегі жетістіктерімен танысуына жағдай жасауда. Әр тарапта жүрген жандардың басын қосуға мұрындық болып, жыл сайын 30 мамырда өткізіліп келе жатқан түлектер кездесулері – ҚазҰУ-дың игі дәстүрі. Қазір онлайн үлгісінде өтіп отырған бұл шара биыл Шығыстың ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған. Журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасындағы кездесуді кафедра меңгерушісі, профессор Назгүл Шыңғысова ашты. Ол өз сөзінде түлектерді жұдырықтай жұмылдырудың маңыздылығын атап өтіп, оларға кафедраның өткен жылдағы жетістіктері, оқу үрдісіне жаңа технологияларды енгізу және болашаққа арналған жоспарлар жөнінде айтып берді. Профессор кафедра түлектеріне үлкен үміт артатынын білдірді. Кафедраның аға оқытушысы Шәрипа Нұржанова алдағы оқу жылында түлектермен жұмыс істеуге және оларды кафедра ісіне тартуға көп көңіл бөлу көзделіп отырғанын атап өтті. Ең алдымен түлектер студенттермен кездесулерге шақырылып, білімгерлерді өз мамандығы бойынша қызметтің практикалық қыр-сырымен таныстырулары керек. Кафедра кері байланыс орнатып, студенттерді түлектер еңбек ететін мемлекеттік мекемелерге, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдарға шақыруға мүмкіндік туғызылғанына мүдделі. Онлайн кездесуде сөйлеген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер Министрлігінің Грузиядағы ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Гүлмира Сұлтанәлі және Чехиядағы АҚШ Елшілігінің өкілі Ержан Қарабеков Қазақстандағы халықаралық журналистиканың дамуы туралы өз ойларымен бөлісті, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі Алуа Мырзаханова әлеуметтік желілердің төтенше жағдайлардағы жұмысы туралы әңгімеледі. «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғали, белгілі журналист, саясаткер Әміржан Қосанов, Кристианстад университетінің оқытушысы (Швеция) Индира Челстрстранд (Табылды), Түркітілдес журналистер қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямерген өз сөздерінде аға буынның шығармашылық тәжірибесін кәдеге асыра отырып, теорияны тәжірибемен ұштастырудың түйіндерін тілге тиек етті. Сонымен қатар, қонақтар жағымды жаңалықтарын ортаға салып, кәсіби мәселелерді талқылады, студенттік жылдарын еске алды, кафедраға игі тілектерін білдірді. Кездесуді қорытындылай келе, кафедра меңгерушісі профессор Назгүл Шыңғысова алдағы уақытта да жемісті ынтымақтастыққа сенім артатынын айтып, түлектер қауымдастығының одан әрі нығаятынынан үмітті екенін білдірді, олардың кәсіби және шығармашылық жетістіктерге жетулеріне тілектестігін жеткізді.

ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының баспасөз қызметі