Нұр-Сұлтанда өткізу-бақылау бекеттері 1 маусымға қараған түні алынады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Нұр-Сұлтанда өткізу-бақылау бекеттері 1 маусымға қараған түні алынады.
Тәулік бойы қала аумағында орналасқан блок бекеттерде полиция қызметкерлері, Қарулы Күштердің әскери қызметшілері, Ұлттық гвардияның өкілдері кезекшілік етті. Сонымен бірге блокбекеттерде әскерге шақырылғандар да кезекшілік етті. Қалаға кіріп-шығуға тыйым салу Covid-19 індетінің таралуын азайтуға мүмкіндік берді.
Блокбекеттерге кіру және шығу үдерісі толығымен автоматтандырылған. Полиция қызметкерлерінің планшеттеріне енгізілген электрондық база тәртіпбұзушылықты анықтауға көмектесті. Мысалы, бірқатар кәсіпорындар қала бойынша жүріп-тұру үшін анықтаманы қолдан жасауға тырысты. Азық-түлік жүктері үшін "жасыл дәліз" ұйымдастырылды, ол арқылы қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметкерлер де өте алды. Блокбекеттердегі жағдайды дрондармен бақылау мүмкін болды", - деп жазған Олжабаева Facebook-те.
Ол өткізу-бақылау бекеттерін алу - қалыпты өмір сүру дағдысына ораламыз дегенді білдірмейтінін еске салды.
"Қалада медициналық маска киіп жүру қажет. Тұрғындар санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек. Маска киіп, ара қашықтықты сақтап, қолды антисептикпен өңдеген жөн" - деді ол.