Флориданың Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан Crew Dragon ғарыш кемесі бар Falcon 9 зымыраны ғарышқа ұшты. Бұл - астронавтардың АҚШ территориясынан 2011 жылдан бергі бірінші ұшуы, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Илон Масктің SpaceX компаниясының кемесі NASA тапсырысымен 39А ұшу алаңынан жергілікті уақыт бойынша 15.22-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 01.22) ғарышқа аттанды.
АҚШ президенті Дональд Трамп SpaceX компаниясы кемесінің ұшуын тамашалау үшін Канаверал мүйісіне барды.
Falcon 9 зымыраны орбитаға NASA астронавтары Боб Бенкен мен Даг Херли отырған Crew Dragon кемесін жеткізеді. 31 мамырда кеме халықаралық ғарыш станциясымен түйісетіні айтылады.
Еске салайық, Crew Dragon кемесінің халықаралық ғарыш станциясына ұшуы 27 мамырға жоспарланған еді, алайда ауа райының тұрақсыз болуына байланысты кейінге қалған. Сенбіде ұшу мүмкіндігі "50 де 50" болған.
Кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп бұл оқиғаны "жұлдыздарға салтанатты оралу" деп атады.
"Бүгін біз бұл тамаша жерге жаңа ғарыш кемесінің ұшуын бақылауға ғана емес, жұлдыздарға батыл әрі салтанатты оралуымызды тойлауға келдік. Бұл ерекше күн. Бұрынғы лидерлер АҚШ-ты біздің астронавтарды орбитаға жіберетін шетел державаларына тәуелді қылып қойды. Енді бұлай болмайды. Біз қайтадан америкалық астронавтарды америкалық зымырандармен, әлемнің үздік зымырандарымен америкалық территориядан аттандырамыз", - деді АҚШ басшысы.