Көктемнің соңғы күндерінің бірінде Қазақ ұлттық университетінің түлектері дәстүрлі түрде жүздесу ұйымдастырды. Бірақ бұл жолы жылдағыдай кездесіп емес, онлайн форматта бас қосты.
Ғұлама ойшыл, шығыстың жауһары Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жылдығына орай ұйымдастырылған онлайн басқосуға журналистика факультеті, баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының түлектері қатысты.
Жүздесуді кафедра меңгерушісі, саяси ғылымының докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева ашып, ҚазҰУ ректоры академик Ғалымқайыр Мұтанұлының бейне құттықтауын түлектер назарына ұсынды. Әл-Фарабидің: «Адамдар тек бірлесе, бір-біріне көмектесу арқылы ғана бақытқа жете алады», – деген нақыл сөзінде қаншама терең ой, парасатты идея бар. Ректор түлектердің ғұламаның осы идеясы аясында бір-бірін қолдай отырып, университет пен қоғам дамуына үлес қосуға шақырды. Мәселен, түлектердің қолдауымен кафедра базасында соңғы оқу жылдарында ашылған «Qazaqstan», «Egemen Qazaqstan», Ж. Кенжалин атындағы Баспасөз және жаңа медиа оқу-шығармашылық зертханалар серіктес жұмыс беруші ұйымдардың қолдауымен оқу техникалық мүмкіндіктердің алаңына айналды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Әбдіразақұлы Мәмидің «Тәлімгерлік: әркім ие бола алатын мүмкіндіктер» жобасы таныстырылды.
Кафедараның осы орайда оқу-техникалық базасын жаңалаудан бастап оқу үрдісіне, білім беру бағдарламалары медиа нарыққа бейімдеуге дейінгі түлектермен орындалған ауқымды жобалары аталды.
Кафедраның әр жылдардағы бітіруші түлегінің ҚазҰУ студентіне тәлімгер болу бастамасын қолдаған Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Нұрлан Қалқа: «Қайрат Әбдіразақұлы ұсынған жобасы маған қатты ой салып отыр. Біз бұл бағыттағы серіктестіктің үш нақты қадамын айтсақ. Біріншісі, биылғы жылы тәлімгер болу бастамасына құқықтық журналистика саласына маман дарялауға үлес қосамыз. Екінші бастамамыз, баспасөз қызметі мамандарын сот саласында даярлау қажет. Студенттердің соттардың баспасөз қызметтерінде тәжірибеден өтуіне көмек беру ісін жолға қойсақ. Жоғары курс студенттерінің аудандық, облыстық соттарда тәжірибеден өтуін ұйымдастырамыз. Үшіншісі, құқықтық салаға икемі бар студенттерге арнап, онлайн шеберлік сыныптарын тұрақты ұйымдастырамыз», – деп ұсыныстарды атап өтті.
Кафедра тарапынан Гүлмира Серікбайқызы аталған ұсыныстар бойынша, оқу жоспарында журналисткианың құқықтық негіздері базалық пән ретінде оқытылып отырғанын, салалық жағынан тереңдетіп оқытатын бағдарлама әзірлейтінін атап өтті.
Түлектер күнін биыл алғаш рет онлайн форматта ұйымдастырған доцент Ғалия Майкотова мен аға оқытушы Нұргүл Сапарходжаева алдағы оқу жылында цифрлық медиа, спорт, әскери, іскери, әлеуметтік журналистика салаларында түлектердің тәлімгерлігі оқу курсын ұйымдастыру жайлы практикалық оқу жоспарларын таныстырды.
Факультеттің түлектер қауымдастығы туралы бейнебаянды тамашалаған кафедраның 5 жылдықтан бастап 45 жылдық түлектері дәстүрлі медиадан бастап цифрлық медиа нарығындағы өзгерістерді талқылап, болашақтың маманын даярлауда қандай ерекшеліктерге назар аудару төңірегінде ой бөлісті. Атап айтқанда, танымал журналист һәм қоғам қайраткері, депутат Сауытбек Абдрахманов, топ медиа менеджері Арманжан Байтасов бейне тілектерімен қатар заманауи трендтердің көлеңкесі мен ерекшеліктеріне тоқталды.