Пандемия кезінде көзге түспеген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры осы шақта бас кеңсесін жалдауға ғана 130 миллион теңге шығындапты. Мұны қордың өзі растады. Әйтсе де, ғаламторда оның басшылары үшін кеңсе және жиһаз жалдауға 5 миллиардтай жұмсағаны туралы мәлімет талқыланып жатыр.
ӘМСҚ «бұл ақпарат шындыққа сай келмейді» дейді.
Қордың дерегінше, келісімшарттар бойынша І жартыжылдықта орталық аппарат үшін кеңсе мен жиһазды жалға алуға 129,6 миллион теңге жұмсалған. Әрине, бұл да аз ақша емес. Өйткені ол тек Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық кеңсесінің шығыны ғана. Айта кету керек, ресми дерек бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорданың шеткері аймағында емес, Парламент, Үкімет, Министрлер үйі орналасқан ең беделді аудандағы, Қонаев көшесі, 14/3 мекенжайындағы «Нұрсая» бизнес орталығының бірнеше қабатын ен жайлап жатыр.
«Үй-жайды жалдауға миллиардтаған сома жұмсалатыны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қор орналасқан ғимарат 5 миллиард теңге төлейтіндей сонша қымбат тұрмайды. Ол оған татымайды да. Ашық дерек көздеріне сүйене отырып, осындай ақпарат таратқан адамдар не құжаттарды дұрыс оқуды білмейді немесе математикаға қатысты бір қиындықтары бар. Нәтижесінде, жалған ақпарат қоғамда жаңсақ пікір тудырады» деп ашынды ӘМСҚ Жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Ермек Болтаев.
Қордың хабарлауынша, бірінші тоқсанда орталық аппарат 3,3 мыңнан астам шаршы метр жалпы алаңды жалдау үшін 68 миллион теңге сомаға келісім бекіткен екен. Бұл ретте 1 шаршы метрдің құны 6 848 теңгеге жеткен. Оған қатардағы қызметкерлерге арналған жиһазды жалға алу кіреді.
Қордың «сүйінші» жаңалығы да бар: ол барлық бизнес орталығы екі айдай карантинге жабылған кезеңде бағаны арзандата алған.
«Екінші тоқсанда (сәуір, мамыр, маусым) жалға алу құны шамамен 6,5 миллион теңгеге арзандатылды. Осылайша, 61,6 миллион теңге сомаға келісім бекітілді. Яғни, бір шаршы метрді жалға алу құны 6 200 теңгені құрады» деп нақтылады қордағылар.
Арзандағанның өзінде бұл бас қаладағы орташа бағадан жоғары. Мысалы, оң жағалаудағы «Алма-Ата» іскерлік орталығы 4,5 мың теңгеден, сол жағалаудағы дәл сол маңдағы «Санкт-Петербург» бизнес орталығы әр шаршы метрді 4,8 мың теңгеден ұсынады.
ӘМСҚ өзінің бірінші басшысы үшін жиһаз жиынтығы жалға алынғаны туралы ақпаратты да жоққа шығарды.
Бұл қорда 900-дей адам жұмыс істейді. Бірақ олардың барлығы бірдей астанада отырған жоқ: Қазақстанның барлық өңірінде ашылған 17 филиалында қызмет атқаруда. Ол бойынша дерек айтылмады.