Nur Otan партиясы Шымкент қалалық және аудандық филиалдарының өкілдері
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қаладағы бірқатар аз қамтылған көпбалалы отбасылардың шаңырағында болып, бүлдіршіндерді айтулы мерекесімен құттықтады.
Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов алдымен 9 баланың анасы Гүлчехра Егембердиеваның үйіне барды. 2 бөлмелі жалдамалы пәтерде тұратын отбасы бүгінгі таңда үй кезегінде тұр.
– Біздің үмітіміз бен мейірімді істеріміз, сүйіспеншілігіміз бен қуанышымыз – барлығы балалар үшін. Балалардың өмірі мен денсаулығын, құқығын қорғауына, саналы тәрбие мен сапалы білім алып, жан-жақты дамуына, бал дәурен шағын қуаныш пен бақыт құшағында өткізуіне қолайлы жағдай жасау – Nur Otan партиясы ұстанған саясаттың басым бағытының бірі. Партияның «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Жастар – Отанға» секілді жобалары осы мақсатты көздейді. Еліміздің болашағы – жастардың, бүгінгі балалардың қолында. Олардың дені сау, білімді, парасатты, еркін ойлы әрі отансүйгіш азамат, дегдар тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау бір күннің ғана жұмысы емес. Жайдарлы жаздың алғашқы күнінде келетін бұл тамаша мереке Сіздердің бал дәурен шақтарыңыздағы ең қызықты әрі ұмтылмас сәттерге айналсын. Бүлдіршіндерге мықты денсаулық, зор қуаныш пен мол бақыт және жарқын болашақ тілеймін, – деді Бахадыр Нарымбетов.
– Мемлекеттен әлеуметтік көмек және жәрдемақы аламыз. #Birgemiz қорынан азық-түлік, 50 мың ақшалай көмек алдық. Бізге үнемі қолдау көрсетіп отырған Nur Otan партиясына ризамыз, – деп алғысын білдірді алтын құрсақты ана.
Партиялықтар Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қала бойынша 40-қа жуық отбасыға азық-түлік жиынтығы мен 150 балаға арнап мерекелік сыйлықтар тапсырды.