Мұқалмайтын Миуа
Мұқалмайтын Миуа
260
оқылды

Қазақ қыз журналистке жарыған. Тіпті бір кездегі «Әйел заты көп жүрген орта нәзіктеніп кетеді» деген қорқыныштың да іргесі сөгілді. Бұл еңбекке үлес қосқан белгілі топтың бір өкілі – талантты журналист Миуа Байназар.

Кезінде қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек ағамыздың «Журналистика­дағы қыздардың тілі өте өтімді, тартымды. Бір айтса, дөп айтады, нақты айтады. Бірақ оған қарап, мектептердегідей газет-журналдары­мыз қызмінезді болып кетті деудің қажеті жоқ. Өйткені Желтоқсан көте­рі­лісінің «Желтоқсан» болғаны қыз­дар­дың қайратының арқасы! Себебі, екі күн бойы сол топтың ішінде болып, қыздардың кетіп бара жатқан жігіт­терге: «Жігіттер, намыс­та­рың қайда? Біз қалып бара жатырмыз ғой...» деп айқайлағанын естідім. Қыздардың сол даусы журналистика­дан естіліп оты­рады» дегені бар еді. Айтса айт­қан­дай, біздің де кейіпкері­міз­дің үні талай мәселенің шешілуіне оң ықпал етті.

Білім атты қазынаны саналы ғұмырына тірек еткен шын мықтылар бар. Әсіресе, оған рухтың күштілігі қосыл­ғандағы қабысқан дүниенің дүмпуі тегін болмайды. Өзінің қайсар­лығына, қолына ұстаған қадамы қуат берген Миуа апайымыз ерлікке толы өмірдің егесі атанды. Журналистік жолында басынан талай оқиға өткерді. Осындай жолда жүріп, өмірге көзқара­сы терең, талапшыл, талғамы күшті, ой дүниесі бай, бәрін саралап, салмақ­тап, ой елегінен өткізіп жазатын жур­на­­листің біріне айналды. Әр тақыры­бын айқайлатып, мәселенің мәнісіне бойлаған мақалалары елдің назарын аудартып, көпшіліктің талқылауына жиі түсіп жататын еді. Жергілікті билік бұл жазбалармен еріксіз санасатын. Бұл да болса қалам­гер қаламының қуа­ты, жүрегінің мықтылығы, дәтінің беріктігі еді. Ақ парақ пен қаламды серік еткен Миуа талай өзекті мәселе­нің шешімін табуға түрткі болып, көңіліне демеу іздеген жандарға араша түсті. Шындық пен жалғанды, жем­қор­лық пен қиянатты қаламына арқау етті.

Кейіпкеріміз бен шындықты қоса айтуымыздың салмақты себебі де бар. Оның қаламынан туған кез келген мақала оқығанның ойында қалатын. Сірә, апайымыздың айтпаған, ел алдына жайып салмаған, халықтың жағына шығып сөйлемеген кезі болған емес. Кез келген тақырыпты кеміріп жазады. Талай жанрға жан бітіріп, жұрттың жағасына жармасқандардың жайын да жайып салған дара.

Халықтың қамын ойлап, елдің есесін кетірмей, шаруаның тірлігін шатқаяқтатпауға бар күшін осылай салды. Иә, оның қалам тербемеген тақырыбы жоқ. Партия және кеңес жұмыстарымен қатар өзге де түрлі мамандық иелері туралы портретті очерктер жазды. Еңбек етіп, еленбей жүрген белгісіз азаматтарды ел-жұртқа етене таныстырды.

Оның осындай көзсіз ерлігі еленіп те жатты. Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі болып тұрған тұсын­да: «Мен кейбір республикалық басы­лым­­дардан Ақтөбе туралы материал­дар­ды өте сирек оқимын. Мәселен, «Айқын» мен «Литер» газеттерінде Ақтө­бе облы­сы туралы, өкінішке қарай, мате­риал жоқтың қасы. Қызы­лор­да облы­сы­нан Миуа Байназар деген журналист бар. Нөмір сайын екі-үш материал жариялайды», – деп республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілерін белсенді болуға шақырғаны бар еді. Бұл нені білдіреді? Бұл – жергілікті жұрттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген журналистің еңбегі еленгендігінің көрінісі. Әр жазғаны елдің ерінінде, әкімнің таңдайында жүрсе не арман бар?!

Сөйтіп, қаузаған әр тақырыбы талайдың тағдырына оң ықпалын тигізді де. Шындықты семсер еткен ер жүрегі, талай етжеңді дүниелердің жазылуына әсер етті.

Рухы биік тұлғалар туралы толға­ныстары өз алдына бір төбе. Бұл тақырыптағы портреттері қазақ журна­листикасынан әлдеқашан орын алып қойған. Қашанда айтары бар журналист әдебиеттің алыптарымен емін-еркін сұхбат құрады. Қай дүние­сі­нен де солқылдақтық байқала қоймайды. Қай тақырыпта қалам тартса да, мәңгілікке бағасын жоймай­тын ақылдың кенін іздейді. Сол кеннен кемеңгер кейіпкер сомдайды.

Өзінің журналистік жолында осындай құнды қолтаңбасы бар Миуа апайдың қарапайымдылығы өз алдына бір бөлек әңгіме. Әу бастан жасанды­лыққа жаны қас оның болмысы, расында да, ерекше. Мұнысын баға­лай­тын замандастары, бірге оқыған достары әлі күнге дейін басын иіп тұрады. «Апай» деп аялайды. «Апа» деп алдынан өтпейді.

Журналистік өмір жолында Қазақ радиосының эфирі арқылы талайды таңдандырса, кейін «Жас Алаштың» Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болды. Ол осы тұста өзінің өр мінезімен, қоғамның келеңсіз көріністерімен қайтпай күресті. Бүгінде республикалық«Айқын» газетінің тілшісі.

Сөйтіп, ауыр жүк арқалаған жолаушы сияқты жүретін журналистік өмірі осылай өріле берді. Жарты ғасырға жуық уақыт осы жүктің салмағына көніп келген апайымыздың әлі де айтары көп. Қоғамда қазақ мүддесіне мүлдем қабыспас жайттарды санамалап тұрып жіліктегенде бір ысып, бір суып, бірге күйініп, бірге торығасыз. Бұл туралы замандастары, іні-қарындастары баспасөз беттерінде талай рет жазды, жариялады. Әсіресе, өзімен қатар оқыған, қаламгер інісі Бауыржан Омарұлының «Атылған» қыз туралы аңызы» ерекше. Ағамыз апайға қатысты оқиғаны есітіп, алып-ұшып хабарласады ғой. Сондағы айтқан уәжі де нағыз Миуа Байназар­дың жауабы болған екен: «Е, мейлі. Осы жасқа келгенде Миуа мұқалса не болады? Мұқым жұрт бұққанымды көрген емес. Көрмей-ақ қойсын. Атса, атсын, шапса, шапсын...».

Міне, мықтылық. Мұқалмайтын Миуаның мінсіз мінезі, табиғи болмысы, шынайы бейнесі – осы.

Бауыржан аға өзінің қайсар замандасы туралы осы бір әдемі эссесін «Шынында да Миуаны мылтықпен қорқытам деу бекершілік екен. Мұқалудың орнына қайрала, қорқудың орнына қайраттана, жасудың орнына жарқырай түсті. «Жас Алаштың» жалаулы найзасын қолына алып, ақпарат майданындағы айқастың бел ортасына қайта келді. Әр сілтегені мүлт кетпейді. Қарауылға іліктіргенін ат-матымен аунатып түсіреді. Сірә, бұдан кейін журналисті жасытам деп, жақтауға тигізген жалғыз оқтың иесі енді қайтып тәуекел ете қоймас...» деп аяқтапты.

Бұған біз де қосылдық...