Абай ілімі – руханият негізі
Абай ілімі – руханият негізі
598
оқылды
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік технология университетінде ұлы ағартушы, ақын, қоғам қайраткері Абай Құнан­байұлы­­ның 175 жылдығына арналған «Абай ілімі – руханият негізі» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Онлайн режимде өткен отырыстың мақсаты – ұлт руханиятының бас­тауында тұрған  Абай мұрасын бүгінгі көзқараспен қарастырып, оның өмір­шең­дігін жас ұрпаққа наси­хаттау. Конференцияда студент­тер­ге ақын шығармашылығын эйдос-конспект арқылы талдату тәсілі туралы сөз болды. «Абай – ұлт руханиятының бастауында тұрған тұлға. Біздің негізгі мақсатымыз – Абай мұ­ра­сын бүгінгі көзқараспен қа­рас­тырып, оның өміршеңдігін жас ұрпаққа насихаттау. Ар­тын­да қалған өлмес мұрасын күн­делікті өмірде, негізгі ұстам­ға ай­налдыру», – деді онлайн конферен­ция модераторы, ШҚМТУ ректоры, биология ғы­­лым­дары­ның докторы, про­фес­сор Жасұлан Шаймарда­нов. Ол өзі бас­қаратын университетте студенттер санасын жаңғыртуға бағытталған «Адам бол» акаде­мия­­лық жобасы мен «ХХІ ғасыр­да­ғы Абай» курсы туралы айтып берді. Онлайн кездесуде  сөз алған фи­лософия ғылымдарының док­торы, профессор, Ұлттық ғы­лым академиясының академигі Ғарифолла Есім бүгінгі қоғам мен оның болашағы үшін  жастарға Абай ұсынған жолмен жүруге кеңес берді.  «Абай шығармалары адам қасиетіне қалай әсер етуде? Адамшылық, кісілік деген ұғым­дарға қатысты ХХІ ғасыр жас­тары қандай ғибратты істер атқа­руы керек?» дей келе, жас ұр­пақ тәрбиесінің маңызына, оның ір­ге­тасы саналатын рухани құн­ды­лықтарға тоқталды. Саяси ғылымдар докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­ти­тутының директоры Сайын Бор­басовтың айтуынша, Абай мен Шәкәрім шығармаларында адамның рухани келбетіне ерек­ше назар аударылған. «Олар адами қасиет адамның жүрек қала­уынан туады деп есептейді. Ал адамгершіліктен ауытқу бақай есеп пен күншілдіктен, қулық амалынан туындайды», – деген пікірін білдірді. Филология ғы­­лым­да­рының кандидаты, до­цент, Әдебиет және өнер инс­­­­ти­­­туты­ның халықаралық қа­ты­­­настар және әлем әдебиеті ка­фе­дра­сының меңгерушісі  Свет­­лана Ананьеваның Абайды әлем­­­­дік қо­ғамдастықта жаңа Қазақ­­­­стан­ның бренді ретінде таныстыру керек деп санайды. Оның пайымынша, бұл – қазіргі ұрпақтың міндеті. Себебі  Абай шығармашылығы   әлемдік әде­биет тарихындағы ерекше құбы­лыс. Шығыс Қазақстан мемле­кеттік университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Айжан Картаева  ақынның өмір бойы шарқ ұрып іздеген «толық ада­мы» жайлы сөз қозғаса,  Семей мемле­кеттік университеті «Абай­тану» институтының дирек­торы, доцент Әубәкір Жандос «Дала данышпаны» туралы баян­­дама жасады.  «Абай» әдеби-мем­ориал­дық  мұражай ди­рек­­­­то­ры­ның ғылыми жұ­мыс жө­нін­дегі орынбасары Мей­рам­­гүл Қай­ранбаева Абай мұра­жайы­мен таныс­тырып, жаңаша музей­лен­діру концеп­ция­­сына тоқ­тал­ды. Ал филология ғылымдарының кандидиты Гауһар Рахымбаева Мем­л­екет басшысының  Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесінің үшінші отырысында  Тіл комитетін 2021 жылдан бастап  Білім және ғы­лым министрлігіне өткізу ту­ра­лы сөзін еске алды. Оның пікі­рін­ше, бұл қазақ тілін оқыту әдіс­темесін  әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді.  Қолданыс­қа ен­гізілетін оқу бағдарламала­ры­ның тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді. Жас ұрпақтың өмірлік ұстанымын тауып, қоғамнан өзіндік орнын алуда адамгершілік қасиет­ті бо­йына сіңіру қажет еке­нін ескеруде Абай мұрасын басшы­лық­қа алу қажет-ақ. Бұл орайда Абай мұра­сын өзге ұлт өкілдеріне оқыту ба­рысында әлемдік тәжірибеде бар жаңа әдіс-тәсілдерді қол­да­нып, студенттерге ақын шы­ғар­машылығын эйдос-конс­пект арқылы талдатып, белгілі бір нәти­жеге қол жеткіз­ген фило­ло­гия ғылымдарының кан­ди­даты ГауҺар Қиянаятқызының ғылыми мақаласы конференция қатысушыларының да қызығу­шы­лығын тудырды. Оқу үрдісін­де осындай практикалық тапсыр­ма­ларды кең қолданып, студент­тер­дің абстрактілі ойлауын, шы­ғармашылық қабілетінің, ғылыми-зерттеу дағдысының артуына жол ашатын жаңа тәсіл­дердің қолданылуы – Абай мұра­сын терең талдауға көмек­те­сері сөзсіз. Нәтижесінде ұлы ақын шығармаларын талдау арқы­лы студенттердің бойындағы көп­те­ген игі қасиеттері ашылып, эсте­ти­калық талғамы артып, өнердің көптеген түрін  игере түсері анық.  

Айдана БЕГІМ