Бірге болғанға – береке бар
Бірге  болғанға – береке бар
495
оқылды

Кей кезде «Біз әлі ұлт болып қалыптасқан жоқпыз», «ұлттық санамыз жетілген жоқ» дейтін мазмұндағы сөздерді еститін едік. Ұсақ-түйек кемшілігіміз болса, «Қазақ десек, өзімізге тиеді» деп жақауратып өте шығатын да сәтіміз болатын. Арыс оқиғасы осының бәріне нүкте қойғандай: біз Қазақ деген елміз, біз біргеміз, бекембіз!

Қуаныш пен қиындықта бірге болу – ұлт болғандықтың дәлелі. Ел-жұрттың басына ауыртпалық түсіп еді, қалың қазақ әуелі алаң­дады, сосын баспанасыз босып кеткен азаматтарға жедел көмек көрсетті; біреулер заттай, біреу­лер қаржылай қол ұшын созды; мұның сыртында қаншама сөз жәрдемі – игі тілек, қолдау, дем беру дегеннің бәрі болды.

Осындай сын сағатта Nur Otan партиясының басшы­лы­ғы мен мүшелері де қарап қалмады. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев оқиға орнына арнайы барды. Республика аймақтарында жедел штабтар құрылып, арыс­тықтарға нақты көмек көрсетуге құмбыл кірісті.

«Бізге мемлекеттен қандай көмек берілетіні және басқа қалаларға көшірілуі мәселесі туралы сұрақтар қойылып жатыр. Осы апаттан зардап шеккен аза­мат­тарға 4 жақтан көмек беріліп жатқанын айтқым келеді. Бірін­шіден, Президент Үкіметке ре­зервтен қаржы бөлу жөнінде тап­сырма берді. Үкіметтің рес­пуб­ликалық бюджеттен бөлінетін қаржысы Арыс қаласы мен тұр­ғындардың үйлерін қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ қажет болған жағдайда үкімет облыстық штабпен келісе оты­рып, қосымша қаражат бөлуі мүмкін. Екіншіден, егер азамат­тар апаттан зардап шеккен, ден­саулығы нашарлап, мүмкіндігі шектелетін болса, отбасы апат салдарынан асыраушысынан айырылған болса немесе осы апатқа байланысты жұмыссыз қалған болса – онда мемлекеттік бюджеттен республикалық сақтандыру қорынан қаражат төленеді. Үшіншіден, әрбір жергілікті бюджетке облыстық, аудандық бюджеттен азаматтар­дың қажетіне қарай жергі­лікті мәслихаттың шешімімен тағы да қосымша қаражат бөлінуі мүмкін. Төртіншіден, Түркістан­дағы әлеуметтік даму қорына түскен жарты миллиардқа жуық қаражат та бөлінеді. Облыс әкімінің штабымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Онда арнаулы комиссия жұмыс істеуде», – дейді партия хатшысы Тамара Дүйсенова.

Қазіргі таңда Қорғаныс ми­нистрлігі қаланы толық тазалап болған көрінеді. Әкімдік тұрғын­дардың үйлеріне қайтуға мүм­кіншілігі бар екені жөнінде хабар­лама берді. Тұрғындар туған қаласына орала бастады.

Қазақтың «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дейтін бір сөзі бар ғой. Арыс оқиғасы жағ­дайында халықтың ішкі бір­лігінің бекемдігі, ұлттық тұтастық ұғымының беріктігі анық көрінді. Бұл біле білгенге: нағыз ұлттық құндылық! Мұны қастерлей білген дұрыс!