Әлеуметтік желілерде Атырау облысындағы Теңіз кен орнындағы вахталық ауылдардың бірінде түсірілген бейнежазба тарап кетті. Онда жұмысшылар тобының «Теңізшевройл» ЖШС өкілдерімен кездесуді және шұғыл түрде үйлеріне қайтаруды талап етіп жатқандары көрсетілген болатын. Олар егер талаптары орындалмайтын болса, аштық жариялаймыз деп шу шығарған.
Өңірлік шұғыл штабтағылар бұл жағдай 30 мамыр күні күндіз екі мердігер компанияның жұмысшылары тұрып жатқан вахталық ауылда болғанын айтады дейді. 30-ға жуық адам карантиннің ұзаққа созылып кетуіне наразылықтарын білдірген. «Олардың бәрінен бұған дейін науқаспен байланыста болғандар ретінде COVID-19 дертіне қатысты сынама алынып, 14 күнге оқшауландырылған болатын, содан кейін екінші рет тест алынған. Екінші мәрте алынған тест қорытындысы кешіктірілген, алайда бүгін бұл мәселе тез арада шешіледі», – дейді арнайы штаб өкілдері.
Бұл оқиғаға дейін «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтың Теңіз кен орнынан 18,5 мың жұмысшы тұрғылықты мекенжайына шығарылғанын айтқан болатын. Ол: «Вахталық тәсілмен еңбек ететін қызметкерлердің коронавирус инфекциясына байланысты жұмысқа шыға алмағанына қарамастан, олардың жалақысы толық сақталады. Ал кен орнындағы вахталық мерзімі уақытынан асқан жұмысшылардың жалақысына 1,5 коэффициент қосылады», –
деді.
31 мамырдағы жағдай бойынша, Атырау облысында коронавирусты инфекцияны жұқтырудың 69 жаңа дерегі тіркелген, оның 54-і Теңіз кен орнындағы мердігер мекемелердің жұмысшыларынан табылған болатын.