Абаттандыру жұмыстарындағы олқылықтар тексерілді
Абаттандыру жұмыстарындағы олқылықтар тексерілді
233
оқылды
Nur Otan партиясы кейінгі кезде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдар­ламасы шеңберінде салынып жатқан әлеуметтік нысандар­дың уақытында іске қосылуы мен сапасын, олардың қан­шалықты отандық құрылыс материалдарын пайдала­на­тынын және жергілікті жұмыс­шыларды жұмысқа тарту мәселесін назарда ұстап ке­леді. Бұл жолы партиялықтар Алматы қаласындағы Көк­жиек шағынауданындағы құ­рылыс нысандарының жайы­мен танысты. Аталмыш бағдарлама шең­берінде әлеуметтік маңызы бар 200-ден астам нысанның құ­рылысы жүргізілуде. Барлығы да партияның назарында. Осыдан сәл бұрын арнайы комиссия Түрксіб ауданындағы үш нысанда болған. Ендігі кезек Көкжиек шағынауданындағы бөбекжай-балабақша мен алаңға келді. «Жұмысқа тарту мәселесіне келгенде қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың жайына көбірек мән береміз. Сондай-ақ ел аумағында өндірілген құрылыс материалдарының сатып алынуы­на да назар аударамыз. Бұл – осы бағдарламаның басты талабының бірі. Мақсат – отандық өндіру­шілерді қолдау. Мұнда абаттандыру жұмыстары бойынша өткен жылдарда көптеген іс тынды­рылды. Партияның аудандық бөлімшесіне тұрғындар жиі хабар­ласады, біз олардың талаптары мен өтініштеріне дер кезінде ден қоюға тырысамыз. Осындай тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің арқасында алаңды абаттандыру шілде айында аяқталмақ. Бұл алаң жергілікті тұрғындардың дема­латын және сеурен құратын сүйікті мекеніне айналады деп ой­лай­мын», – дейді Nur Otan партия­сының Жетісу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Омаров. Абаттандыру жұмыстарына аз қаражат жұмсалған жоқ. Алаңды абаттандыру мен спорттық ойын алаңының бюджеті 39 миллион теңгеден асады. «Жолдың асфальт-бетон жа­бын­дылары төселген тастармен көмкеріледі, ескі шамдар заманауи шамдарға ауыстырылады. Мұнда 20 орындық, 20 қоқыссалғыш қо­йылады. Таяу маңдағы спорттық ойын алаңы жарақтандырылады. 11 мамыр күні тапсырысты орын­дауға кіріскенбіз, нысанды шілде айында тапсыруды жоспарлап отырмыз. Барлық талаптар қатаң ескеріліп отыр. Мәселен, құры­лыс-жөндеу жұмыстарына пай­даланылған материалдардың 90 пайыздан астамы қазақстандық өнім», – дейді жұмысты жүргізіп жатқан мердігер Қайрат Айдарбеков. Партиялықтардың бет бұрған тағы бір нысаны – балабақшалар. Бұл нысандар іске қосылған, дегенмен мердігер компания орын­дауға тиіс бірқатар ескертулер болған. Nur Otan партиясының Ал­маты қалалық филиалы төрағасы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев­тың тапсырмасымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде іске асы­рылып жатқан құрылыс ны­сан­дарына мониторинг жасап жатырмыз. Біздің ауданда да мұн­дай бірқатар нысан бар. Барлығы да партияның бақылауында. Бүгін үш нысанда болдық. Оның екеуі тапсырылған. Мысалы, №171 бө­бекжай-балабақшаның ойын алаңы 27 мамырда тапсырылған. Балалардың қауіпсіздігі үшін кейбір кемшіліктерге ескерту жасалды. Мердігер компания таяу күндері бұл олқылықтарды рет­тейді деп ойлаймын», – деді Жетісу аудандық Nur Otan партия­сы филиалының партиялық бақылау комиссиясы хатшысы Николай Резников.  

 width=Гүлнар ТӘЖИЕВА