«Математиканы бала кезден бойға сіңірген адам қиындыққа төтеп бере алады әрі кез келген шындықты қабылдай алады» дейді Пьер Гассенди. Бұл сөздің жаны бар. Математиканы бүге-шігесіне дейін игерген адамның өмір сүру философиясы алабөтен болатыны тағы рас. Мақсатқа жетудің түрлі жолы болады: бірақ соның бір ғана «жақсысын» таңдап алу мүмкін бе? Біздің кейіпкеріміз қай жолды таңдады? Бастан өткерген қиындықты қалай еңсерді? Математикалық дәлдікпен өмір сүру мүмкін бе? Бұл тұрғыда мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеевтің өз айтары бар.
Қоғамның локомотиві – озық ойлы адам
– Жақсыбек Әбдірахметұлы, бүгінгі сіздің ел арасындағы амплуаңыз қандай?
– Қиын сұрақ. «Керемет едім», «ерекше едім» деген адамды өз басым да дұрыс түсінбес едім. Адам өз-өзіне есеп беріп отыруы керек, дей тұра оның өзіне-өзі баға беруі қисынсыз шаруа деп білемін. Жалпы, кез келген азамат өз еңбегінің еленгенін қалайды. Дей тұра, бірінші әділ сыншы – халық. Сондықтан бұл сауалдың жауабын басқалардан сұраған жөн.
– «Кез келген мамандықтың шыңына жету үшін адам ой еркіндігін сақтау қажет» деген сөз бар. Осы ойға қосыласыз ба? Ойыңыз еркін бе? Осы арқылы қаншалықты жетістікке жете алдыңыз?
– Нарықтық қатынастар үстемдік ететін қоғамның бәсекеге қабілетті болып, тұрақты дамуы үшін ол елде ат аунағанша ақыл тауып кететін, қиыннан қиыстырып, ұтқыр шешім шығара білетін озық ойлы, іскер азамат көп болуы керек. Ал бұған қол жеткізу үшін қоғам еркіндікке құрылуы тиіс, соның ішінде ой еркіндігінің алар орны ерекше дер едім. Санасы шектеліп, ойы құрықталған кісінің нарықтық экономикада үлкен жетістіктерге жетуі екіталай нәрсе. Сондықтан алдыңғы қатарлы елдің бәрі – азаматтарының білімі мен біліктілігін арттырып, олардың ойлау жүйесінің еркін дамуына мейілінше ықпал жасайды. Анығы сол, нарықтық экономика дегеніміз – еркін экономика, себебі мемлекеттің дамуы негізінен жеке кәсіпкерлердің, бизнес өкілдерінің белсенді іс-әрекетіне тәуелді. Кәсіпкерлер неғұрлым ізденімпаз, инновацияшыл болып, шаруаларының тиімділігін ұдайы арттырып отыратын болса, онда олардың бәсекеге төтеп бере алары даусыз. Қысқасы, мемлекеттің бәсекеге қабілетті болып, тұрақты дамуы оның мүшелерінің ой-өрісінің еркіндігімен сабақтасып жатқан құбылыс екені дәлелдеуді керек етпейді.
Адам дүниеге келген алғашқы қадамынан бастап «білсем, танысам, көрсем, өз қолыммен бірдеңе жасасам» деп талпынатыны баршаға аян. Егер ересек адамдар баланың осы талабын тежеп, дүниетанымына кедергі жасаса, ойын тежейтін болса, ондай баланың өсе келе ел танитын тұлғаға айналуы екіталай. Ал ойын жасқанбай еркін айтатын, ыңғайсыз сұрақтар қойып, батыл сөйлейтін бала мұғалімге ұнамауы мүмкін. Бірақ түбінде сол баладан атақты ғалым, мықты өнертапқыш немесе ел мүддесі үшін аянбай тер төгетін тұлға шығуы әбден мүмкін. Сондықтан да ой еркіндігі мен сананың шектелмеуі – қоғамды прогреске сүйрейтін бірден-бір локомотив. Жалпы, кез келген адам өзінің өмірлік миссиясын таба білсе және оны толықтай жүзеге асыра білсе, бес күн жалғандағы ең үлкен бақыт сол болар еді деп ойлаймын.
Статистикаға сүйенсек, кез келген мемлекетте халықтың екі пайызға жуығы ғана озық ойлы, солар қоғамды алға жетелейді екен. Демек, кез келген мемлекет үшін талантты азаматтарды тауып, олардың өз әлеуеттерін толық іске асыруына жағдай жасап отыру – мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі болуы тиіс. Бұл ойымды басқаша кестелесем, кез келген қоғамда әділеттілік орын алуы керек. Бір қарағанда әділдік орнату өте қиын шаруа сияқты көрінеді. Бірақ әсте олай емес. Оны орнату үшін бір ғана нәрсені іске асырсақ, жетіп жатыр. Барлық істе тек білімді адам мен кәсібилікке сұраныс тудыру керек. Сол кезде қоғамда әділеттілік өз-өзінен орнайтынына сенімім мол. Өйткені білімді адамда, ең алдымен, ішкі мәдениет қалыптасқан, ол ешкімнен қорықпайды, ешкімге жалтақтамайды. Бойындағы осы құдіретті күш арқылы ол жанына білімді адамдарды жинаудан қаймықпайды. Осылай биліктің барлық тармағында жағымпаздар мен тамыр-танысқа емес, білімділерге сұраныс көбейе түседі. Ал мұндай жағдайда жағымпаздық, тамыр-таныстық, коррупция және басқа толып жатқан келеңсіз жайттың бәрінің жолына балта шабылады. Шынында да, әділдікті орнатудың ең басты алғышарты – білімге сұранысты қалыптастыру аксиома екені даусыз.
Нарықтық экономиканың үлгісіне айналып отырған АҚШ-та талантты жеке тұлғалардың алға қойған мақсаттарын қай салада болса да толықтай іске асыруына жағдай жасалған. Сондықтан осы мемлекет көп инновациялық жетістіктің отанына айналып, ал сол инновацияның авторлары дүниедегі ең ірі компаниялардың иелері әрі ең жас миллиардерлері болып жатыр. Міне, бұл – көп елге өнеге болатын жағдай. Біздің елде де әртүрлі салада көзге түсіп жүрген талантты жастар жетерлік. Олардың халықаралық деңгейдегі жарыстар мен байқаулардағы жетістіктерін жиі байқаймыз. Бірақ соған қарамастан, талантты жастармен жұмыс істеуде әлі де болса немқұрайлылық аз емес.
Енді сұрағыңыздың екінші жартысына келсек... Менің мамандығым – математик. Соның ішінде математиканың экономикада қолданылуы деген бөлігімен көбірек айналыстым. Кеңес үкіметінің кезінде гуманитарлық ғылым салаларында, соның ішінде экономикалық зерттеулерде догма көп болды. Жоқ нәрсені бар қылып, адамға түсініксіз, теориялық зерттеулерде ғылыми негізі әлсіз тұжырымдарға арқа сүйеу сүйегімізге сіңіп кетті. Ой еркіндігін шектеу, жаппай цензура болғаны баршаға мәлім. Ал жаратылыстану ғылымдары саласында ондай шектеу болған жоқ, сондықтан Кеңес үкіметінің математика мен физика саласындағы ғалымдары үлкен жетістіктерге жетіп жатты. Экономиканы зерттеуде пайдаланатын математикалық аппарат негізінен бүкіл дүниежүзінде ұқсас болды, соның нәтижесінде нарықтық экономиканың кейбір тұстары бізге сол кездің өзінде белгілі еді. Сол себепті, экономика-математикалық зерттеулермен айналысып жүрген азаматтарға нарықтық экономиканың негізгі пәндерін тез игеріп, жаңа экономикада орын алып жатқан құбылыстарға бейімделу оңай болды.
1993 жылы тамыз айында Дүниежүзілік банктің ұйымдастыруымен Мәскеуде МГУ-дың базасында екі аптаға созылған арнайы сынақ өтті. Сынақ нарықтық экономика негіздерінен болды. Оған Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан және Қазақстаннан жас ғалымдар қатысты. Мен де сол топтың ішінде болдым. Кеңес Одағының тұсында Мәскеуге бару біз үшін үлкен оқиға болатын. Сол себепті, сынақтың не үшін өтіп жатқанына аса үлкен мән бермей, негізгі уақытты Мәскеудің тарихи орындарын аралауға жібергенім рас. Дегенмен екі апталық тестің нәтижесі бойынша мен алдыңғы қатардан орын алыппын. Оған менің экономика-математикалық зерттеулермен айналысқаным себеп болған секілді.
Ол кезде Алматы халық шаруашылығы институтының қолданбалы математика кафедрасында жұмыс істейтінмін. Жалақы өте төмен болғандықтан бизнеске бет бұрғым кеп, екі ойлы болып жүрген едім. Сөйтіп жүргенде, Дүниежүзілік банк әлгі сынақтан жақсы өткен азаматтарды 1993 жылдың күзінде екі айға Америкаға дайындық курсына алып кетті. Бұл курсқа бес мемлекеттен елу шақты адам қатыстық. Осы дайындық курсының жоғары деңгейде өтуіне Дүниежүзілік банк ерекше көңіл бөлді. Бізге сабақ берген мамандар бүкіл әлемге аты шыққан профессорлар еді. Екі айдың ішінде біз магистратураның бір жылдық оқу бағдарламасын еңсердік десем, қателеспеймін. Осылайша, нарықтық экономиканың негізгі алғышарттарын меңгеріп шықтық. Елге келгеннен кейін Дүниежүзілік банктің мемлекеттік қызметкерлерді қайта дайындайтын орталығын ашып, еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің нарықтық экономика туралы түсініктерін кеңейтіп, біліктіліктерін арттыруға атсалыстық. Сол орталықтың арқасында 3-4 жылдың ішінде АҚШ, Еуропа, Австралияның белгілі оқу орталықтарында жиырма шақты рет дайындық курсынан өтіп, білімімді жетілдірумен айналыстым. Әрине, өзімді ерекше адаммын деп айта алмаймын, дегенмен экономист-математик болғаным ой-өрісімнің еркін қалыптасуына септігін тигізгені рас.
– Мемлекеттік қызметкерлерді қайта дайындау арқылы мемлекеттік қызметке ықыласыңыз ауған сияқты. Солай ма?
– Мемлекеттік қызметкерлерді дайындап жүріп, көп адаммен араласа бастадым. Сол достарым бірнеше рет мені қызметке шақырғысы келді. Алғашында қызыққан жоқпын, себебі Дүниежүзілік банктің орталығында дәріс беріп, зерттеулер жүргізуден табатын табысым жоғары болатын. Реті келгенде айта кетейін, сол жылдары еліміздегі ең қымбат лектордың бірі болдым. Бір сағаттық лекцияма төленетін қаржы университет профессорларының бір айда алатын жалақысынан жоғары болды. Күніне төрт-бес сағатқа дейін лекция оқитынмын, сондықтан айына қанша ақша шығатынын есептей берсеңіз болады. Осылай табысты қызмет атқарып жүргенімде, сол кездегі Үкімет басшысы мені статистика комитетіне басшылық қызметке шақырды. Келістім. Осылайша, мемлекеттік қызметке араласуым статистика комитетінен басталды. Алғашында комитет басшысының орынбасары, бір жылдан соң Қазақстан статистикалық комитетінің төрағасы болып тағайындалдым. Ол бір қиын уақыт еді. Статистика саласындағы жұмыс компьютерлік техниканың тапшылығы мен нормативті-әдістемелік құралдардың жетіспеуінен тұралап қалған. Техника жетіспегендіктен жұмысты жаңа үлгіде, дүниежүзілік тәжірибеге сүйене отырып ұйымдастыру, қиынға соқты. Қаржының тапшылығына қарамастан, 1999 жылы елімізде тұңғыш Халық санағын жоғары деңгейде өткіздік. Басқа да айтулы жетістіктер аз болған жоқ. Статистика саласында атқарған жұмыстар туралы айтқанда, ең алдымен, сол кездегі ұжымның аз уақыт ішінде қол жеткізген үлкен жетістігі – Қазақстан статистикасы дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келеді деген халықаралық институттардың бағасына ие болғаны. Біз ТМД мемлекеттері арасында мұндай нәтижеге алғашқы болып қол жеткіздік. Бұл сол кезде үлкен жетістік еді.
Балық беріп – байыта алмайсың, балық аулауды үйретіп – байыта аласың
– Экономика министрі болып келген тұста «Кедейшілікпен күрес» бағдарламасын енгіздіңіз. Бірақ біз сол «кедейлікпен» әлі толыққанды күресе алмай отырғанымыз неліктен?
– Статистика саясатпен айналыспайды. Бірақ бұл құрылым ғалымдар мен сарапшылардың зерттеулер жүргізуіне аса қажетті статистикалық мәліметтерді толығымен қамтамасыз етуге міндетті. Ол мәліметтердің нақты әрі шынайы болуы да статистиктерден ерекше талап етіледі. Сондықтан статистикада жүргенімде Дүниежүзілік банктің сарапшыларын шақырып, бірнеше бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, статистикалық мәліметтердің нақтылығын көтеруге бағытталған біраз ауқымды жұмыстар атқардық. Нарықтық экономикаға енді өте бастаған қиын кезеңде, халықтың тұрмысы Кеңес Одағы кезеңімен салыстырғанда күрт төмендеп кеткен еді. Бұл біздің қоғам үшін жаңа құбылыс болды. Сондықтан оның масштабын түсіну үшін елімізде алғашқы әлеуметтік арнайы зерттеулер ұйымдастырып, кедейшіліктің деңгейін анықтауға тырысқаным рас. Нәтижесі жағдайдың қиын екенін көрсетті. Сондықтан 1999 жылы Экономика министрі қызметіне келгенде осы жағдайды ескере отырып, тұңғыш рет «Кедейшілікпен күресудің мемлекеттік бағдарламасын» дайындадым. Осы бағдарлама шеңберінде алғаш практикаға енген тәжірибенің біразы бүгінгі күнге дейін қолданыста жүр.
Жалпы, кез келген қоғамда кедейлер болады, сондықтан ондай азаматтарды қамқорлыққа алып, әлеуметтік қорғау – мемлекеттің негізгі функцияларының бірі. Елімізде де осы салада атқарылып жатқан шаруа аз емес, алайда даму қарқыны өте жылдам болып тұрған мына заманда әртүрлі себептермен топқа ілесе алмай жататын азаматтар көптеп кездесетіні ақиқат. Кедейленген азаматтарды бюджеттен бөлінетін жәрдемақыға қарық қылу қиын. «Балық беріп – байыта алмайсың, балық аулауды үйретіп – байыта аласың» деген аталы сөз бар. Сондықтан кедейленген азаматтардың арасында еңбектенуге шамасы келетіні болса, соларды заман ағымына сай бейімдеп, оқытып, өмірде өз орнын табуға жағдай жасау – кедейшілікпен күресудің ең тиімді жолы болары сөзсіз.
Елімізде осы бағытта біраз жұмыстар атқарылды, дей тұра Қазақстанның жаңа сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы органдардың басшыларына әлеуметтік мәселелерді шешуде немқұрайлылық көрсетпей, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты еңбекпен қамтуды негізгі басымдық ретінде қолға алуды тапсырды. Сондықтан елімізде осы салада біраз серпіліс болады деп үміттенемін.
Қысқа да нұсқа
– Сіз үшін құндылық деген не?– Мен үшін ең маңызды құндылық – рухани байлық.
– Сүрінгенде кімге сүйенесіз?
– Адам тек өзіне сеніп, жанашыр жақынына сүйену керек.
– Дінге сеніміңіз қандай?
– «Алланың сөзі де рас, өзі де рас».
– Өткенге қарағанда не көресіз?
– Өткенге емес, алға қарағанды жақсы көретін адаммын.
– Қиналғанда жұбататын не нәрсе?
– Ел азаматтарының қиындық көрсе де, қиянат көрмегенін тілеймін. Қиындыққа шыдайсың. Қиянатқа шыдау – қиынның қиыны.
– Кез келген сынаққа дайынсыз ба?
– Адам өмір бойы өзін сынап өтеді. Шыңдалады. Сөз жоқ, өмірді толық түсіну мүмкін емес. Тіршілік жұмбағы таусылмайтын шексіз ғалам сияқты, оның соңғы нүктесіне жете алмайсыз.
Нарықтық қатынас жалғыз экономика емес, барлық саланы реформалауды қажет етеді
– Білім саласына енгізілген реформаның бірі – ҰБТ. ҰБТ-ның енуі жаңалық болғанымен, шуы да, шуылы да көп болып тұрғаны жасырын емес. Дегенмен мұны сәтті жоба деп айта аламыз ба? О бастағы ҰБТ-ны енгізудегі ұтқанымыз не еді?
– Ең алдымен, мынаны астын сызып айтқым келеді: ел нарықтық экономикаға өтті екен, онда тек экономика емес, өмірдің барлық саласы нарықтық қатынасқа көшірілуі қажет. Барлық әлеуметтік салаға дейін. Онсыз толыққанды нарықты ел орнату мүмкін емес. Сондықтан да қай салада еңбек етсем де, сол саланы реформалауға ең бірінші кезекте ден қойдым. Әрине, кез келген саланы нарыққа сай реформалау – қиын шаруа. Бұл жерде көптеген фактормен санасу да керек. Онсыз реформаны жүргізу мүмкін емес. Министр болғанымда білім саласының барлық буынын нарықтық экономикаға сай реформалаумен көп айналыстым. Бірақ елдің есінде қалғаны ҰБТ екені рас. Бұл – түсінікті де. Өйткені қарапайым халық өзіне жақынырақ мәселелерге ерекше мән береді. Дегенмен қарапайым тест жүйесі маған дейін де болған. Оны елімізде алғаш жоғары оқу орындарына қабылдау емтиханы ретінде енгізген министр Владимир Школьник болатын.
Толыққанды реформалаудың бір элементі ретінде ҰБТ-ны енгізудегі мақсатым қандай болды? Білім жүйесі – бірыңғай жүйе. Ол балабақшадан басталып, өмір бойы жалғасуы керек. Соның ішінде орта білім беру жүйесінің алар орны ерекше және ол Конституцияға сәйкес толықтай мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Оның бастауыш, толық емес және толық орта білім буындарына бөлінетіні баршаға мәлім. Білім жүйесі толықтай мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болғандықтан, мемлекет білім жүйесінің тиімділігін, сапасын ұдайы бақылауда ұстап отыруы тиіс. Оның бірден-бір тиімді жолы – білім жүйесіне тәуелсіз сырттай бақылау жасап, білім жүйесінің әр буынының жеткен жетістігін байқап отыру. Ол бақылаудың бір мезгілде, бірыңғай өлшеу құралы арқылы өткізілгені қоғамды толғандыратын көптеген сұраққа жауап алуға мүмкіндік береді. ҰБТ білім жүйесін бақылаудың тәуелсіз құралы еді, себебі мектеп бітірген балалардың білімін мектеп ұжымы емес, мемлекет атынан ұйымдастырылған арнайы орталық тексеретін. Соның нәтижесі бойынша білім саласын басқаруға қажет ауқымды мәлімет жиналып, олар білім жүйесін дамытуға бағытталған біраз шешім қабылдауға мүмкіндік туғызатын. Мектеп ұжымының соңғы емтиханды өздері қабылдап, өздерін-өздері сынағанынан, сырттай тәуелсіз бақылағанның тиімді болатыны сондықтан.
Бұл – көп мемлекетте орныққан практика. Өкінішке орай, қазір біз одан бас тарттық. Сондықтан қазіргі тест – орта білім жүйесін тамамдап, қолына аттестатын алған балалардың жоғары оқу орындарына түсуге арналған сынағы. Басқаша айтқанда, біз бұрынғы ескі жүйеге қайтып келдік. Оның орта білім жүйесіне, ол саладағы білім сапасын бақылауға еш қатысы жоқ. Сондықтан бұл сынақты енді ҰБТ деп атауға негіз жоқ, өйткені ол өзінің негізгі білім саласын бақылау функциясынан айырылып қалды. ҰБТ ата-аналарға да пайдалы болатын. Олай дейтін себебім, ҰБТ орта білім жүйесінің қорытынды емтиханы болғандықтан, толықтай мемлекет тарапынан қаржыландырылатын. Ал қазіргі кезде тест шығындарын мемлекет мойнына алуға заңды негіз жоқ, өйткені оның орта білім саласына еш қатысы жоқ. Қалыптасқан ҰБТ жүйесін өзгерткен басшылар осы жағдайды ескермеген секілді. Сіз айтып отырған шудың көп болуы осыдан.
– ҰБТ-ның ұтылдырған тұсы әкім мен мектепті рейтингке байлап қойды. Яғни, кез келген мектеп әкімдіктің «көрсеткішіне» жұмыс істейді. Керісінше, бұдан білім саласы ұтты деп айтпас едік. Солай емес пе?
– Не үшін сырттан бақылау ұйымдастыру керек екенін жоғарыда айттым. Бір өлшеммен барлық мектептің түлегін бір кезеңде тексерер болсақ, қай мектеп ұжымының қаншалықты жақсы жұмыс істегенін аңғаруға болады. Әрине, мектеп жетістігінің не кемшілігінің әртүрлі себебі болатыны түсінікті. Жоғарыда өскелең ұрпақтың болашағына жағдай жасағысы келетін басшыға ҰБТ жақсы мәлімет беретіні айтылды. Дүниедегі білім саласы үшін ең жаман нәрсе – мақтаншақтық пен немқұрайлық. Кеудесін қағып, шіреніп тұрған көп азаматтың шаруасын тексере қалсаң, оның қуыс кеуде мақтаншақ екенін байқайсың. Егер қоғамның бақылау құралдары жеткіліксіз болса, онда біз нақты нәтиже көрсетіп жүрген, қарапайым, іскер азаматтардан гөрі басшылардың асты-үстіне түсіп, жағдай жасай білетін жағымпаз, лепіріп мақтанғанды жақсы көретін, бірақ ісінде берекесі жоқ азаматтардың сөзіне көбірек сеніп қалуымыз әбден ықтимал. Жалпы, ҰБТ-ның осал тұстары да аз болған жоқ, сондықтан оны тұрақты дамытып, қоғамның жаңа талаптарына бейімдеп отыру қажет болатын. Өкінішке қарай, ол орындалмады.
– Рейтинг үшін жұмыс істейтіндер ше?
– Жалпы, кез келген озық ойлы азамат жұмысының нәтижесін дұрыс бағалағанды қалайды. Егер қоғамда жеке азаматтардың не үлкен ұжымдардың жетістіктерін өлшейтін сенімді құрал болып, ол орнымен пайдаланылатын болса және соның қорытындысы бойынша ұтымды шешімдер қабылданса, онда қоғам көп келеңсіз құбылыстан құтылар еді. Өкінішке қарай, бізде одан гөрі «пәленшенің пәленшесі еді» деген жағдай көп шешімге себеп болып жатады. Орынсыз шешім қабылдауға құмар басшыға нақты сынақ не бақылау құралдарының нәтижесі кесір жасайды. Осыдан барып көптеген басшылар жұмыстың нәтижесін айқындауға бағытталған құралдарға қарсы болып жатады.
Ал білім жүйесінің рейтингісіне келетін болсақ, онда мынадай жағдайды ескерген жөн: біз қазір орта білім саласында сегрегацияға жол беріп отырмыз. Себебі, дарынды балаларды іріктеп алып, оларды ең жақсы мектептерде 12 жыл бойы оқытамыз. Оларға сабақ беруге ең алдыңғы қатарлы мұғалімдерді таңдап, жоғары жалақы бекітіп, іріктеп алған балалардың ерекше болып өсуіне жағдай жасаудамыз. Ал қалған балалар 11 жыл бойы материалдық базасы нашар, жалақысы төмен мұғалімдерден тәрбие алуда. Мұны жақсы үрдіс деп айтпас едім. Әдетте, әділетті қоғамда оқушылардың біркелкі әрі сапалы білім алуына жағдай жасау үшін ең жақсы мұғалімдерді артта қалған мектептерге жібереді. Оның үстіне бірде-бір мемлекетте оқушылардың біразы 12, ал қалғаны 11 жыл оқитын тәжірибе жоқ. Сосын, мектепте кейбір пәндер бойынша баланың сауаты төмен болса, оған бала кінәлі болмауы мүмкін. Ал оның себебін қалай анықтаймыз? Мектеп жұмысын сырттан бақылау жүйесі қалыптаспаса, онда қоғам білім жүйесінде кездесетін кемшіліктерден құтыла алмайды. Енді біреулер кей мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, мектепте балаға баға қоймау керек деген пікір айтып жатыр. Бұл – дұрыс. Баға қоймау деген сөз – баланың еңбегі бағаланбайды деген дүние емес. Баланың жетістігін бағалаудың жолы көп. Оған төрт не бес қою міндет емес. Егер біз білім жүйесінің жаңа үлгісіне көшкіміз келсе, онда ол үлгінің жеке бір элементін емес, толық үлгісін қабылдауымыз керек. Сонда ғана реформа өз нәтижесін береді. Кешенділіктің құдіреті осында жатыр.
Қоғамда «пәленшенің баласы» болған тиімді болып тұр
– «Ғалымдар арасында да көшіріп алуға құмар азаматтар көбейді. Біздің ғалымдарымыздың жазған мақаласының басым бөлігі плагиат. Біз балаларды ұрлыққа өзіміз үйретіп жатырмыз. Плагиат біздің қоғамның болашағына балта шабатын, жазылмайтын кеселге айналып барады. Осы қауіпті түсінетін кез келді» дейсіз. Инновация туралы жиі айтамыз. Ғылымда осындай «ұрлық» болып жатса, біз инновациялық даму жолына түсе аламыз ба?
– Ол үшін құндылықтарға деген көзқарас өзгеруі керек деп ойлаймын. Біріншіден, білім және ғылым саласында қызмет атқаратын азаматтардың еңбегі дұрыс бағаланып, қоғамдағы беделінің өсуіне мейлінше жағдай жасау қажет. Екіншіден, қоғам тазаруға бет бұрған уақытта ғана мұндай «ұрлықтан» құтыламыз. Ол үшін жақсы ғалымдарға, нәтиже көрсете алатын адамдарға сұраныс көбеюі керек. Өкінішке қарай, біздің қоғамның қай саласын алсаңыз да білікті, білімді, өз ойын қорытып айта алатын жандарға сұраныс аз. Ал еліміздің бүкіл білім жүйесі қоғамның сұранысын қанағаттандыруға негізделген. Бүгінгі күні әлі де болса, ойы озық адамдардан гөрі «пәленшенің баласы» болған
тиімдірек болып тұр. Біздің елде осы дерттен құтылмай, білімнің сапасын көтеру қиын деп есептеймін.
Хоббиімнің өзінен халыққа пайда болса екен деп жүрген адаммын
– «Жануарлар», «Менің туыстарым», «Жүз маңызды сөз», «Жүз құралдың атауы», «Жүз жануардың атауы» секілді кітаптар шығаруды қолға алған екенсіз. Бұл жобаның берері не болмақ?
– Көп жаңа терминнің қалыптасуына тілшілер мен аудармашылардың ықпалы жоғары болып тұр. Меніңше, соның салдарынан терминдер мен жаңа атаулардың қалыптасуында біраз кемшіліктер орын алып отыр. Кейде қалыптасып кеткен сөздердің өзін бұрмалау көбейіп кетті. Балалар қазақтың бай тіліне шорқақ болып барады. Осындай кемшіліктерді байқаған соң, құр қол отыра алмайсың. Ендігі кезеңде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сияқты тілі бай, қазақ әдебиетіне айрықша үлес қосатын тұлғалар шыға ма, шықпай ма? Біз табиғатқа етене жақын болған халықтың ұрпағымыз, сондықтан тілімізде табиғатты, жан-жануарларды сипаттайтын атау мол. Ал қазір далада өсетін өсімдіктің, құстар мен жануарлардың атын ажырата алатын азаматтар азайып кетті. Ғылыми атаулар бүлдіршіндердің санасына бала күнінен дұрыс жететін болса, олардың ой-өрісі кеңіп, сөз байлығы толығады ғой деген ниетпен қолға алған шаруам еді. Әрине, тіл маманы емеспін, дегенмен жеке-жеке категориялар мен атауларды ажырата алатын болғандықтан, осындай жобаны жасап жатырмын. Әзірше 16 кітапша дайындап, көпшілікке ұсындым. Жалпы, оларды оқырман ыстық ықыласпен қабылдап жатыр.
– Бұл кітапқа бала қалай қол жеткізеді?
– Анығырақ айтар болсам, бұл кітапшаларды шығару мен үшін хобби екенін де жасырмаймын. Бірақ сол хоббиімнің өзі аз да болса, халыққа пайдасын тигізсе екен деп ойлаймын. Шамам келгенше, еліміздің түкпір-түкпіріне ол кітапшаларды жеткізуге тырысудамын. Ол кітапшаларды сатып, пайда табайын деген ойым жоқ, сондықтан олардың басым көпшілігін тегін таратудамын. Бұл жұмысты өзімнің халық алдындағы азаматтық борышым деп санаймын. Дегенмен жақын араласатын жолдастарым да қаражат жағынан қарайласып, сол кітапшалардың мектептер мен балабақшаларға жетуіне атсалысып жататыны бар. Кітапшаларды таратудың басқа амалын көріп тұрған жоқпын. Өйткені ауылдарда кітап дүкені жоқтың қасы және көпшіліктің оларды сатып алуға жағдайы келе бермейді. Сондықтан кітапшаларды дүкендерге емес, бірінші кезекте мектептер мен балабақшаларға таратудамыз. Там-тұмдап болса да, балалар тани бастаса, біле берсе деген ой. Жалпы, елімізде бүлдіршіндерге арнап кітап шығару жолға қойылмай отыр. Балаларды балабақшадан бастап тәрбиелеуіміз керек. Оларды кімнің кітабымен тәрбиелейміз? Балаларды тек аударма кітаптармен оқытсақ, онда сан ғасырдан бері қанымызға сіңген, қазақты қазақ қылып тұрған жақсы қасиеттерден айырылып қалмаймыз ба? Сондықтан мектеп жасына дейінгі балаларға арнап кітап жазуды қолға алу – кезек күттірмейтін маңызды шаруа. Осы кітапшаларды дайындау арқылы жоғымызды түгендеп тастамайтынымды жақсы білемін. Алайда тамшыдай болса да балаларға пайдасы тиетініне күмәнім жоқ.
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС,
Анар ҚОНЫС