Түркістан облысында бұдан былай жыл сайын егілетін мақта, масақ дақылдарының орнына көкөніс, мал азығы мен майлы дақылдарды көбейту қолға алынып отыр.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов көктемгі егістік жұмыстары толығымен аяқталғанын жеткізді.
Ендігі мақсат – егістікті әртараптандыру. Яғни, дәстүрлі мақта, масақ дақылдарын азайтып, олардың орнына көкөніс, мал азығы мен майлы дақылдарды көбейту қолға алынған. Бұл сала еңбек өнімділігін арттыру үшін жан-жақты талдап, нақты нәтиже беретін 3 негізгі бағытта дамуда. Ең алдымен, агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологиялар енгізілген. Бұл бағытта Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптасыру аясында жаңбырлатып суғару технологиясы іске қосылып, қурап, бос жатқан жерлерге су келе бастады.
«Жаңбырлатып суғару технологиясының тиімділігін ескере отырып, елімізде кеңінен ендіруді қажет деп санаймыз. Жаңа технология қою керек. Білекті сыбанып осыған кіріссе, сала үш бағытта дамиды. Үлкен шаруашылық жасап немесе орта шаруашылықпен жылына 2-3 өнім алуға болады. Болмаса, кішігірім үйдің іргесіндегі жерден де өнім алуға болады. Кейбір аудандар бар, бос жатқан, не тал жоқ, не егіс жоқ. Жұмыс істету керек, бос жатқан жер қалмауы керек», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Өңірде 2-3 гектар алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын ендіру өз нәтижесін беруде. Жобаның тиімділігі – 1 гектар жерден жылына 6-7 млн теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру. Бұл тәсіл – әлемде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден, экспорттаудан үздік елдердің бірі – Израиль мемлекетінде кеңінен ендірілген.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы