Тоғыз балалы отбасына шағын автобус алып берді
Тоғыз балалы отбасына шағын автобус алып берді
197
оқылды
Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда мұқтаж жандарға жанашырлық танытып, көмек қолын созғандар қатарында болған Kusto Group халықаралық компаниясы Kusto Help қайырымдылық жобасы бойынша 10 665 отбасына, жалпы салмағы 266 тонна азық-түлік таратты. Соның ішінде Жамбыл ауданы бойынша 200 отбасына азық-түлік себетін жіберді. Қайырымдылық керуенімен жүрген сауапты сапарында ком­пания басшысы Еркін Тәтішев мырза Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиевпен ақылдасып, әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған 9 баланы асырап отырған Кәрі­баевтар отбасына 12 орындық «минивэн» автокөлігін алып бе­­руді ұйғарған еді. Осынау қа­йы­рымдылық қадамын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай жүзеге асырған меценат ауданға арнайы келіп, Кәрібаевтар отбасына ав­токөліктің кілтін табыс етіп, аза­маттық уәдесін орындады. Шарапатты шараға аудан әкі­мі Бағдат Әлиев, аудандық мәс­лихаттың хатшысы Саят ­Жұ­рын және тағы басқа аудан­дық дең­гейдегі атқамінерлер қатысты. Бағдат Байшалұлы еліміздің әр өңіріндегі қайырымдылық­тарымен күрделі кезеңдегі азды-көпті ауыртпалықты аздап болса да жеңілдетуге тырысып жүрген Kusto Group компаниясының басшыларына жамбылдықтар атынан алғыс айтты. – Бүгін белгілі журналист, көпбалалы ана Әлия Абсәметова қарындасымыздың отбасында айрықша қуаныш. Соғыс жыл­дарындағы Әлияның батырлығы бір төбе, ал бүгінгі заманның қа­һарман Әлиясы – жүрегі мейі­рімге толы қарындасымыз ана­лық құшағына өзінің бала­ларын ғана емес, өзге ұлттың балаларын да сыйғыза білді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген осы болар. Кәрібаевтар отбасын көлікпен қамтамасыз ету – облыс әкімі Амандық Баталовтың ар­найы тапсыр­ма­сының бірі еді. Мінеки, бүгін сол игілікті істің орын­далуына Еркін бауырымыз се­бепкер болып отыр. Kusto Group ком­паниясының табысы тас­қындап, қайырымдылық қадам­да­ры ке­ңейе берсін, – деді аудан басшысы. «Арман орындалады екен. Тек оған жету үшін шынайы мейі­рім­ділік, адал еңбек ете білу керек. Міне, бүгін біз көптен бері қол жеткізе алмай жүрген автокөлік­тің кілтін Kusto Group компа­ния­сы табыстап отыр. Өте разымыз. Әсіресе, балаларымыз ерекше қуа­нышқа бөленді. Бұл көлік ба­лалар мерекесінде біздің отбасы­мызға жасалған ерекше бағалы сыйлық екені даусыз. Ком­пания жұмыстарына табыс тілеймін», – деді көпбалалы ша­ңы­рақтың ота­насы Әлия Абсә­ме­това. Қарғалы ауылының тұрғын­дары Кәрібаевтар отбасы тек Алматы облысына емес, бү­кіл Қазақстанға белгілі. 2018 жы­лы «Мерейлі отбасы» өңірлік бай­қауын жеңіп, Қазақстанның 16 үздік отбасы тізіміне енген.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы