Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Ұлы даланың мәңгілік мирасы – «Манас» қазақ-қырғыз зиялыларының халықаралық форумы биыл Жетісу жерінде болды. Талдықорғанға көрші елдің мәдени делегациясын бастап келген Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен кездесті. Жүздесуде екі ел арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты одан ары нығайту, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, туристік салаларды дамыту жөнінде әңгіме қозғалды.
«Талдықорған қаласына бірінші рет келіп отырмын. Облыс орталығы өсіп, өркендеп, экономикалық жағынан дамып келе жатқан көрікті шаһарлардың біріне айналады екен. Жақында елдеріңіздің жаңа Президенті сайланды. Құттықтаймыз! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Бішкекке келді. Онда Шанхай Ынтымақтастық ұйымының XII саммитіне қатысып, Қырғыз Президентімен кездесіп қайтты. Қазір қос елдің достық қарым-қатынасы нығайып, саяси, сауда-экономикалық және мәдени жағынан байланыс өркендеп келеді.
«Алып Алатаудың арғы-бергі бетін ен жайлаған қазақ пен қырғыз – ежелден өрісі бір бауырлас халық. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде туризмді дамытуға мүмкіндіктер қарастырылуда. Ыстықкөлге Алматы облысынан адам көп келеді. Қазақстандық туристерге есігіміз әрдайым ашық. Қос елдің табиғаты да бір-біріне ұқсайды. Бұл туризмді, әсіресе ауыл, соның ішінде, мал шаруашылығын дамытуға ерекше септігін тигізуде. Сондықтан сіздермен бірлесе жұмыс істеп, ынтымақтастығымызды өркендетуге әзірміз», – деген елші мырза жетісулықтардың қонақжайлығына алғыс айтты.
– Біз Қырғыз елімен көршілес, шекараласпыз. Қарым-қатынасымыз жақсы. Алдағы уақытта сіздердің елге барып-қайту жоспарда бар. Жетісуда да туризм дамып келеді. Жыл сайын Алакөлге келушілердің қатары өсуде. Қазір туристердің алаңсыз демалуына барлық жағдай жасалуда. Осыдан төрт жыл бұрын Алакөлге 146 мың турист келсе, былтыр бұл көрсеткіш миллионнан асты. Алдағы кезде сіздермен ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, өндіріс саласын дамыту үшін бірлесе жұмыс істесек дейміз, – деген облыс басшысы екі елдің салт-дәстүрі де ұқсас екенін, рухани жағынан да қарым-қатынас дами түсетінін айтып, «Ұлы даланың мәңгілік мирасы – «Манас» атты қазақ-қырғыз зиялылары бас қосқан форумның маңызына тоқталды.
Ресми кездесуден соң «Ұлы Даланың мәңгілік мирасы – «Манас» қазақ-қырғыз зиялыларының халықаралық форумы Талдықорған қаласындағы Мәдениет сарайында жалғасын тапты. Түркі әлемінің құндылықтары мен тұлғаларын дәріптеу мақсатында өткен шараға Қырғыз Республикасының елшілігі, Халықаралық Түркі академиясы, Қазақстанға танымал ғалымдар мен профессорлар, жазушылар, академиктер қатысты.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы жыл сайын дәстүрлі түрде қазақ-қырғыз зиялыларының форумын ұйымдастырып келеді. Биылғы форумның киелі Жетісу жерінде жалғасын табуы – біз үшін үлкен мерей. Қазақ-қырғыз тарихының тамыры тереңде жатыр. Ежелден бауырлас елдің тұтас тарихына зер салсақ, қаншама ұлы адамдар, батырлар мен билер шыққан. Олардың асыл мұраларын сақтап, рухына тағзым ету – ұрпақ парызы», – деген Алматы облысының әкімі форумға қатысушыларды құттықтады. Пленарлық мәжілісте қонақтар кезекпен сөз алып, алғысын білдірді. Екі елдің өкілдері «Манас» жырының жалпы түркі әлеміндегі орны туралы ойларды ортаға салды. Қырғыз Республикасы президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев мінберге көтеріліп, Талдықорған қаласына келгеніне өте қуанышты екенін айтып, Қырғыз Республикасы президентінің құттықтау сәлемін жеткізді. Шара барысында «Манас эпосу» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Алматы, Талдықорған қалалары мен Кербұлақ ауданында үш күн бойы жалғасқан «Ұлы даланың мәңгілік мирасы – Манас» атты қазақ-қырғыз зиялыларының халықаралық III форумы екі елдің еншісі бөлінбейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Форум Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезовтің үй-музейінен басталып, Талдықорған қаласында жалғасып, Кербұлақ ауданында аяқталды. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қырғыз Республикасы президентінің кеңесшісі Султан Раев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев шараның басы-қасында жүрді.
Кербұлақ ауданында ұйымдастырылған «Манас» фестиваліне келгендер негізгі шара басталмас бұрын Шоқан Уәлиханов жерленген жерге ат басын тіреп, құрбандық шалып, құран оқытты. Шоқан ескерткішіне тағзым етіп, Шоқан Уәлиханов атындағы музей ұжымы дайындаған көрмемен танысты.
– Шоқан Уәлихановтың жатқан жері мен ескерткішіне тәу етіп, оның атындағы музейді тамашалауды армандап жүруші едік. Міне, бүгін соны көріп, көңіліміз кеңіп қалды. Өткен тарихына осындай құрметпен қарайтын қазақ бауырларымызға құрметіміз арта түсті, – дейді көрші елден келген манасшылар.
Шанханай ауылының тұсындағы кең жазыққа қатар-қатар қазақ үйлер тігіліп, манасшыларға арналған далалық сахна құрылыпты. Осы тұста түрлі ұлттық спорттық бәсекелер ұйымдастырылды.
Шараның алғашқы сөзін алған Халықаралық Түркі академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі:
– Бүгін біз Жетісу жерінде қазақ-қырғыз бауырмалдығының өшпес үлгісін салған Шоқан Уәлихановтың рухын әспеттеп отырмыз. Әсіресе, қырғыз тарихы мен мәдениеті үшін Шоқан Уәлихановтың, кешегі Алаш зиялыларының, кейінгі қазақ қаламгерлерінің сіңірген еңбегі аз емес. Шоқан «Манас» жырын қағазға түсіріп, күллі әлемге танытып, жыр бүгінге жетті. Тезек төре мен Жантай хан, Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Тоқтағұл, тағы да басқа арыстарымыз ағайындықтың үлгісін паш етті. Алаш зиялылары кешегі қырғыз зиялыларына жол көрсетіп, елдік туын көтерді. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов кешегі Кеңестік идеология Манас жырын бай-манаптың мұрасы ретінде әдебиеттен сызып тастамақ болғанда қорғап қалды. Біз бүгін сол асыл мұраларды өз қажетімізге жаратып отырмыз. Сондықтан ұлыларымызды ұлықтау – перзенттік борышымыз. Осындай игілікті іс Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тапсырмалар аясында атқарылып жатқанын айтпай кетуге болмайды. Елбасының бастамасымен құрылған халықаралық түркі академиясы осындай игілікті істерді қашанда қолдауға дайын, – деп толғады.
Бұдан соң сахна төріне көтерілген Баянғали Әлімжанов, Назаркул Сейдиракманов, Рыспай Исаков, Замир Баялиев, Камил Мамадалиев, Тилек Асанов сияқты танымал қырғыз-қазақ манасшылары өнерін көрсетті. Манасшы Баянғали Әлімжановтың жырын тыңдаған қырғыз ағайындар тәнті болды.
– Шоқан Уәлиханов пен манасшыларға арналған симпозиум біздің елде бірінші рет өтіп жатыр. Бұл – үлкен рухани оқиға. Осы арқылы бауырлас екі елдің рухани әлемі жақындай түседі. Мұны алдағы үлкен істердің бастамасы деуге де болады. Ары қарай жалғаса береді деген ойдамын. «Манас» жырын әкемнен үйрендім. Басында «Алпамыс», «Қобыланды» жырымен сусындап өссем, кейін келе Мұхтар Әуезовтің аудармасы бойынша құрастырылған «Манас» жырын жаттап, жырлауға кірістім. Кейін «Манас» жыры бойынша фильм түсірілді. Қырғызстанда өткен фестивальдерге, тағы да басқа шараларға қатысып, бүгінде манасшылардың қатарынан көрініп жүрмін, – деді Баянғали Әлімжанов.
«Манас» жыры – мәңгілік мұра. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жырды айтатындардың да, тыңдайтындардың да азайып бара жатқаны анық. Сондықтан осы дәстүрді қайта жаңғырту керек. Сонымен қатар осы күнге дейін манасшыларға арналған бірде-бір марапат болмаған екен. Сондықтан осы реткі фестивальде бірінші рет манасшыларға Халықаралық түркі академиясының атынан «Түркі әлемінің манасшысы» деген атақ тағайындалып, фестивальге қатысқан манасшыларға сертификаттар тапсырылды. Келесі форум күзге қарай Қырғызстанның Ыстықкөл атырабында өтеді.
Болат Абаған,
Алматы облысы