Неке мен гауһар тойдың арасында қилы тағдыр бар. Елімізде 5-9 жыл некеде тұрғандар жиі ажырасады. Шетелде де осындай көрсеткіш тіркеліпті. Ағаш той мен жанан тойдың арасында не бүлінеді? «Көсегең көгерсіннің» бекер айтылмайтыны осыдан болар.
Ұлттық экономика министрлігі статистикасына сүйенсек, соңғы 10 жылда елімізде 1,5 млн неке қиылыпты. Соның 500 мыңы айырылысып кеткен. Ажырасу саны жыл санап көбейіп келеді. Мысалы, 2007 жылы 36 мың жұп айырылысса, 2017 жылы 54 мыңы ажырасқан. Комитет мәліметінше, 30-34 жас аралығындағылар ажырасуға жиі өтініш береді. Алматы мен Қарағанды тұрғындары ажырасуға бейім екен. Оңтүстікте неке қию көп тіркелсе, мығым неке батысқазақстандықтарға тән. 2018 жылы ажырасқан 32 мың жұптың 19 мыңында бала бар. 2018 жылы қаңтар-тамыз аралығында 73 мың неке қиылған. Некеге отырған еркектің орташа жасы 29 болса, әйелдікі – 26.
2018 жылы той маусымы Алматыда қызған. 11 мың жас некеге отырған. Алматы облысы мен Түркістан облысында 17,5 мың жас шаңырақ көтерген. Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан облысында ең жас қалыңдық жасы – 16-да. Атырау облысы жігіттері ерте үйленуден қорықпайтындардың қатарында. Сонысымен де, Атырауда ажырасу көрсеткіші төмен екен.
Қазір жаһандану дәуірі. Мұның ажырасуға да қатысы бар. Елімізде интернет арқылы оп-оңай ажырасуға болады. Баласы жоқ отбасы ажырасуға онлайн түрде арыз берсе, іс жылдам жүреді. Онлайн ажырасуға Шымкент, Түркістан мен Алматы тұрғындары бейім. 2018 жылы 12 775 қазақстандық eGov арқылы үйлену мен ажырасуға өтініш біріпті. Ажырасудың басты себебі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Екінші орында – қаржылық қиындық. Үшіншісі, некедегі бірінің ішімдікке, есірткіге, ойынға құмарлығы. Төртінші және бесінші орында – көзге шөп салу мен қызғаныш.
2018 жылы ажырасқан 15 мың ер қайта үйленген. 12,5 мың әйел қайта тұрмыс құрған. Әйелінен айырылған 984 еркек бақытын тапса, 1 184 жесір әйел екінші мүмкіндігін сынап көрген.
Ажырасу салдарынан психологиялық қысым көретін – бала. Бала үшін ажыраспай некені сақтау тіптен ауыр. Өйткені екі тарап та психологиялық тұрғыда қажиды. Психологтардың айтуынша, мұның бәрін бала сезеді. Сондықтан бала үшін деп үшеуінің де өмірін құрдымға кетірудің қажеті жоқ. Елімізде ажырасқандардың 90 пайызы баланы анасында қалдырады. Көпшілігіне алимент төленбейді. Сенатор Бірғаным Әйтімованың айтуынша, алимент төлемегендердің қарызы миллиард теңгеге жетеқабыл. Қазақстанда әрбір оныншы әке алимент төлеуден қашады. Жұмыс орнын тіркеуге құлықсыз.
Бірғаным Әйтімова бір сөзінде осы жағдайды қатаң қадағалау керек деп айтқан еді. Расында да, алимент ұғымына шетел қатты мән береді. Мысалы, Түркияда алимент төлеудің үш түрі бар. Балаға ғана емес, анаға да алимент төленеді. Балаға төлейтін алимент мөлшері айына 100 ден 1 000 долларға дейін. Ажырасқан еркек әйеліне екінші рет тұрмысқа шыққанша алимент төлеуге міндетті. Өйткені отбасын асырау міндеті әкеге жүктеледі. Үй шаруасындағы әйел табыс табуға мүмкіндігі жоқ болғандықтан, алимент алады. Алименттен бас тартатын әйелдер де кездеседі. Түркия азаматы баласының бар қажетін өтеуге міндеттеледі.
Ажырасу адам психологиясына қатты әсер етеді. Аризона университеті оқытушылары мұны ғылыми тұрғыда дәлелдеп шықты. Университет ғалымдары 2002 жылдан бері зерттеу жүргізген. Объект ретінде 50-ден асқан адамдарды қарастырған. Психологтар қараған 5 786 адамның 926-сы – ажырасқан және мүлдем үйленбегендер. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, 46 пайызы, яғни жалғызбастыларда ерте өлім қаупі бар екен. Тұжырым себебі – шылым шегу мен физикалық белсенділіктің төмендігі. Жалғызбастылар, оны ішінде әйелдер өз өміріне риза емесін жеткізген. Зертеушілердің топшылауынша, осы фактор адамның өмір сүруге деген құлшынысын азайтады. Сол себепті, көпшілігі шылым шегіп, денсаулығына көңіл бөлуді қояды. Сонымен қатар ажырасудың іске жарайтыны да бар екен. Қатысушылардың бір бөлігі ажырасқаннан кейін өмірінің жаңа арнаға ауысқанын айтқан. Ғалымдар көңілі тоқ адамның позициясы өзгеріп, жаңа тынысы ашылатынын көрсеткен.
Қазіргі таңда азаматтық некені ажырасудың алдын алу деп түсінетіндер бар. Кейбірі мұны бір-бірін тану процесі деп қабылайды. Батыстан келген лептің елімізге әсері белгілі. Жыл санап азаматтық некеде «бір-бірін танығысы» келгендердің қатары көбейді.
1580 жылы Ниндерландыда азаматтық неке түсінігі пайда болды. Азаматтық неке ұғымы 1791 жылы Францияда, 1836 жылы Англияда, 1875 жылы Германияда, 1917 жылы Ресейде кеңінен танылды. Кеңес Одағы арқылы Қазақстанға келді. Елімізде азаматтық некеге тұрғандардың 80 пайызы айырылысады екен. Некесіз туылған сәбилер 22 пайызды құрайды.
Шетелдіктер не үшін азаматтық некеге құмар? Біздің ел үшін азаматтық неке «бір-бірін тану», ажырасудың алдын алу болса, шетел үшін күн көріс қамы. Өйткені ол жақта той жасау мен ажырасу үшін қыруар қаржы керек. Сол себепті, еуропалықтар сән салтанатсыз, шығынсыз бірге тұруды қалайды. Жағдайын түзеп алғанан соң, заңды некеге отыруға арыз береді екен. Арыз беремін дегенше, арада 5-10 жыл өтіп кетеді. Тіпті кейбірі заңды некені қажет деп санамайды.
El Pais газетінің мәліметінше, Испанияда заңды некеге отыру күн санап кеміп келеді. Тойға 10 мың евро (4 млн 340 мың теңге) жұмсау кез келген испан азаматына оңай емес. Статистикалық мәліметте Испанияда заңды тіркелген некенің 82 пайызы ажырасумен аяқталады. Ал испан елінде ажырасу бағасы тіптен қымбат. Сондықтан көпшілігі үйлену мен ажырасуға кеткен шығынды азаматтық некеде бақытты өмір сүруге жұмсайды.
Испанияда, жалпы Еуропада «өмірлік жұп болу» дейтін ұғым жоқ. Орташа есеппен неке ұзақтығы 16-20 жылды құрайды. Бельгия, Португалия, Италия мен Мальта қарағанда, Испанияда жастар жиі ажырасады. 5-9 жыл некеде болғандардың 22 пайызы ажырасып кетеді.
Психологтар ажырасудың алдын алу екі тараптың түсінігі мен сыйласуына байланысты дейді. Осындайда күні бұрын Алшынбаймен құдаласып, Абайға Ділдәні жар еткен Құнанбайдың әрекеті еске түседі. Қазақы дәстүр мен тәрбие отбасын бұзуға жібермесі анық. Кезінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстазымыз «заманында үйір-үйір жылқы беріп, жасау-жабдығын түгендеген жарыңмен оңайлықпен ажыраспайсың» деген еді. Шынымен де, қыздың қалыңы мен жасауын беру шығын емес, отбасы құндылығы мен сыйластықтан тұратын секілді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ