Мәжіліс басшысы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар жазған заң жобаларының үлкен топтамасы мақұлданды. Мысалы, заңнамаға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша түзетулер енгізетін жоба бірінші оқылымда құпталды. Мәжіліс Спикерінің айтуынша, бұл заң жобасы бұрын шығарып әкетілген немесе нысаналы мақсатына пайдаланылмаған жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, ұлттық парктер мен қорықтар құрамына қайтару процесін жеңілдетеді. – Осының барлығы ерекше қорғалатын аумақтардың бүтіндігін сақтауға мүмкіндік береді. Сол арқылы біз табиғи кешендерді, сондай-ақ экологиялық, ғылыми, мәдени тұрғыдан айрықша мән-маңызға ие нысандарды сақтап қала аламыз, – деп атап өтті Нұрлан Нығматулин. Депутаттар өздері әзірлеген «Кейбір заңнамалық актілерге ауылдық елді мекендерде Интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да І оқылымда мақұлдады. Пандемия заманы ақпараттық технологиялардың қажеттілігін жеріне жеткізе дәлелдеп берді. Алайда қалалықтар үйден шықпай-ақ тындырған істер мен игіліктер ауылдықтар үшін мүлдем қолжетімсіз болды. Парламентшілер ауылды кең жолақты ғаламторға қосу үшін арнайы заңға бастамашы болды. Ол байланыс операторларына телекоммуникациялық инфрақұрылымды бірлесе пайдалану мүмкіндігін ұсынады. Мәжіліс Төрағасы ұсынылған осы жаңашылдықтар арқасында ауылдық жерлерде ұялы байланыс желілерін құруды жеделдету үшін құқықтық шарттар түзілетініне назар аудартты. Ол ауылдықтарды байланыс және телекоммуникация қызметтерінің заманауи құралдарымен қамтамасыз етуді жақсартуы тиіс. – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің таяудағы отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін ары қарай дамытудың маңызына тоқталды. Бұл бірінші кезекте цифрландыру процестерінің тиімділігін арттыру арқылы жүзеге асырылады. Заң жобасы дәл осы міндетті орындауға бағытталған. Нәтижесінде, ауыл тұрғындарының электронды мемлекеттік қызметті үйде отырып алу мүмкіндігі молаяды. Сонымен қатар олар онлайн оқыту және цифрлы денсаулық сақтау жүйелерін белсенді пайдалана алады, – деді талқылауды қорытындылаған Нұрлан Зайроллаұлы. Сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда құпталды. Құжат банктік емес төлем ұйымдарының сервистерін заңсыз операциялар жасауға пайдаланудың жолын кеседі. Анонимді пайдаланушылардың бір-біріне немесе анонимді электронды әмиянға ақша аударуына тыйым салынады. Бұл қылмыстық ақшаның заңдастырылуына, терроризмнің қаржыландыруына тосқауыл қою үшін қажет көрінеді.
Айхан ШӘРІП