Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы қазақ-өзбек шекарасындағы «Жібек жолы» бекетіндегі автовокзалға бірнеше ай түнеген жүздеген тәжік мигранты Өзбекстан арқылы Тәжікстанға кетті.
Өзбекстан коронавирус пандемиясына байланысты 23 наурыз күні шекарасын жапты. Содан кейін Өзбекстан арқылы өтетін көрші елдердің азаматтарына шекарадан өтуге рұқсат беруді тоқтатты. Осыдан соң Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жүздеген тәжікстандық еліне өте алмай қалған болатын.
Айта кету керек, карантинге байланысты шекара аймағында қалып қойған, шекара бекетінің маңындағы автовокзалды паналап жүрген 234 тәжік мигранты 2 маусым күні күндіз ас-сусыз, баратын жері болмаған соң наразылық танытқан болатын. Олар бірнеше айдан бері шекарадан өте алмай жатқанына налып, Тәжікстан билігінің жайбасарлығына қапаланған еді. Сол күні түнде «Жібек жолы» шекара бекетінен Өзбекстанға өтіп, Тәжікстанға кетті. Қазақстанда қалып қойғандары да бар. Әкімдік мамандары бекетке жиналған тәжік мигранттары Тәжікстанның Ходжанд және Хатун облысынан келгенін айтады.