«Шыңғысхан» би тілінде сөйледі
«Шыңғысхан»  би тілінде сөйледі
361
оқылды

«Наз» мемлекеттік би театры көрермен назарына «Шыңғысхан» хореографиялық қойылымын ұсынды. Бұған дейін өнерсүйер қауым жер жүзіне даңқы жайылған алып хан туралы талай драмалық туындыны тамашалағаны рас. Бірақ бұл жолы ол алғаш рет би тілінде сөйледі. Сондықтан спектакль алдында тарих ғылымының докторы, түрко­лог, қойылымның ғылыми кеңесшісі Қаржаубай Сартқожа бастаған өнер қайраткерлері баспасөз өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

«Шыңғысханды барлығы жауыз, қатыгез, қанышер болған деп ойлай­ды. Ал біз спектакльде оның ел біл­мейтін тұстарына баса мән беріп, ішкі жан дүниесі, рухани әлемі бай адам ретінде көрсеттік. Бұл тақырыпты алудың өзі мойнымызға үлкен жауап­кершілік жүктеді. Шыңғысхан жайлы фильм де бар, театр ұжымдары да спектакль ретінде қойып жүр. Бірақ хореография жанрында қойылған емес. Алдымен артистердің арасында кастинг жасадық. Таңдау жасау өте қиын болды. Басты рөлдегі Шыңғыс­ханды 27 жасар Ержан Құ­дайбергенов орындады. Себебі, Ер­жан бұған дейін өзі жеке биші ретінде де өнер көр­сетіп, көптің ішінен дара­ланып жүрген жігіттеріміздің бірі болатын. Екіншіден, дене бітімі, түр-келбеті де біз ойлаған образға сәйкес келді. Бұл қойылымды арнайы елор­дамыздың туған күні мен «Жастар жылына» арнадық. Алдағы уақытта басқа өңір­лерге де гастрольдік сапарға шығу жоспарда бар» деді қойылым­ның көркемдік жетекшісі Қадиша Ағымбаева.

Ал би театрының басқа өнер ұжым­дарынан ерекшелігіне тоқтал­ған «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Сұлтан Сраил ойын былай деп сабақтады: «Бұл спектакльді Моң­ғолиялық кәсіби хореограф Туг­суу­мен Тумурхуягпен бірлесіп жаса­дық. Бұл кісі – өз еліндегі танымал хо­рео­граф. Сонымен қатар АҚШ-та да бірнеше жыл тұрып, тәжірибе жи­­нақтап бүгінде талай елді хорео­граф ретінде мойындатып жүрген азамат. Тугсуудың жоспары бо­йынша бұл қойылымды үш ай көлемінде сахна­лау керек екен. Бірақ біздің театрдың артистерінің мықтылығы соншалық, күндіз-түні еңбек етіп, үш аптада спек­такльдің негізін жасап шықты. Мұнда көп­ші­лігі жастар болғанымен, «Шың­ғыс­хан» спектаклінде ең үлкен би­шіміз 46 жаста. Ол кісі жас­та­йынан бидің, майын тамызып, жілі­гін ша­ғып жүрген биші. Жалпы, бұл спек­такльге аз дайындалған жоқпыз».

Сондай-ақ өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар «Наз» мемлекеттік би театрының мүшелері елордамен бірге жасасып, бірге дамып келе ­жат­қанын мақтаныш тұтатындарын жеткізді.

Қойылымда тарихи деректер мен аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, Шыңғысханның бала кезінен бастап, ер жетіп, ел билеген кезеңдері қамты­лады. Жастайынан қайғы-қасіреттің, жетімдіктің зардабын шеккен, есей­генде жары Бөртеден айырып, абай­сызда бауырын жазым қылуы оның өміріне үлкен әсер етті. Сонымен қа­тар халықтың ауыр халі, ыдырап, ауызбіршіліктің болмауы, болашақ билеушінің өміріндегі үлкен қадамдар жасауына зор ықпалын тигізді.

 

Шыңғыс САҒАТОВ,

Алматы