Орал қаласындағы Әлия Молдағұлова көшесі бойындағы жол жөндеу жұмыстарын тексеру үшін арнайы рейд жүргізілді.
Nur Otan партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының бастамасымен өткен рейдке қалалық мәслихат депутаттары, партиялық бақылау комиссиясының және партияның белсенді мүшелері қатысты. Шараға мердігер компания өкілдері де шақыртылды. Бірақ белгісіз себептермен олар кездесуге келмеді. Жүргізілген тексеріс барысында 2019 жылы «Марасант» ЖШС мердігер атанып, күрделі жол жөндеу жұмысын жүргізгені белгілі болды.
– Осы мәселе аясында Nur Otan партиясына ерекше алғыс білдіргім келеді. Қашанда халықтың қамын ойлаудан шаршаған емес. Бұған дәлелдер де жеткілікті. Әр адам өз мойнына жүктелген жұмысты үлкен жауапкершілікпен орындауы тиіс. Бұл жұмысқа күрделі мәселелерді көтеріп жүрген партия кіріспесе, күрмеулі мәселе жабулы қазан күйінде қалуы мүмкін еді, – дейді өңір тұрғыны Айда Маратова.
Жолды қабылдау кезінде жолдың сапасы толық қанағаттандырылмағандықтан, мердігерге қайтадан жөндеу жұмыстарына біраз уақыт берілген. Алайда мердігер ешқандай жұмыс жүргізбей жолды сол қалпында қалдырған. Осыған орай комиссия мүшелері жоғарыда аталған мәселе бойынша мердігер компанияға сот арқылы олқылықтарды түзету жөнінде хаттама толтырып, жауапты органдарға жіберетінін жеткізді.