Елордалықтар көліктен шықпай-ақ коронавирусқа тест тапсыра алады
Елордалықтар көліктен шықпай-ақ коронавирусқа тест тапсыра алады
© сурет интернеттен алынды
164
оқылды
Елордалықтар көліктен шықпай-ақ коронавирусты анықтауға тест тапсыра алады. Оған 3-5 минут уақыт кетеді, - деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты. Елордада коронавирус инфекциясын анықтау үшін мобильді скрининг диагностикасы пайда болды. Зертхана №2 Қалалық көпбейінді аурухана базасында іске қосылды. Скрининг орталығының ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қатысты.
"Мақсат - қаланың барлық азаматтарын тексеріп, инфекция жұқтырмағанына көз жеткізу. Сонымен қатар күн сайын 6 зертханада 4 500 талдау жасалады. Жалпы, қалада материал жинаумен айналысатын мемлекеттік және жеке зертханалар бар. Орталық та ыңғайлы орналасқан. Азаматтар әуежайға келгеннен кейін тест тапсыра алады. Автокөліктерге арналған тұрақтар жеткілікті", - деді Бақтияр Мәкен.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, болашақта жоба қаланың басқа да бөліктерінде ашылуы мүмкін. Мобильді орталық күніне 100-ден аса тест алуға қабілетті. Процедура тек 3-5 минут алады. Сондай-ақ, бұл әдіс барлық автокөлік үшін ыңғайлы және ешқандай кезекті қажет етпейді. Тест құны - 10 мың теңге. Тест тапсырушы эпидемиологиялық факторлар мен симптомдарға қатысты жеке ақпараттар көсетілген сауалнама толтырады. Кабинада дене температурасы жанасусыз термометр көмегімен өлшенеді. Нәтиже 6 сағат ішінде белгілі болады. Тест тапсырушы өз нәтижесін электрон пошта немесе Whatsapp нөмірі арқылы ала алады.