Алматыда бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшиннің тапсырмасына сәйкес қоғамдық орындарды жаппай зарарсыздандырудың екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ертеңнен бастап қаладағы барлық қоғамдық орындар жаппай зарарсыздандырылады.
Адам көп жүретін саябақ, алаң, жаяу жүргінші жолдары дезинфекцияланады.
Таңғы 6:00-ден бастап орталық көшелер, тротуарлар, саябақтар өңделеді.
«Карантин шаралары босаңсуына байланысты коронавируспен ауыратындардың саны артып келеді. Қала тұрғындары алаңға, саябаққа серуенге шыға бастады. Олардың көпшілігі санитарлық талапты сақтамайды. Маска тақпайды, әлеуметтік арақашықтықты ешкім ұстанбайды» деп мәлім етті тұрғын үй саясаты басқармасынан.
Жаппай зарарсыздандыру жұмысына 1200 жұмысшы, 135 техника тартылған. Карантин режимі басталғалы бері қалада күніне 2 рет 24 мың подьезд, 4 мың аула дезинфекцияланады. Күніне 75 мың литр дайын ерітінді қолданылады.