Байқау қашықтан өтеді
Байқау қашықтан өтеді
197
оқылды
Алдағы мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық байқауы қашықтан өткізілетін болды. Аталған байқау мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің бә­секеге қабілеттілігін, әлеуетін да­­мыту, үздік кәсіби білімі мен дағдыларды таратуды көздейді. Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің ресми өкілі Ерхан Тат­кеннің айтуынша, осы жылы коронавирус пандемиясына бай­ланысты байқау қашықтан өткізіледі және екі негізгі кезең­нен тұрады. Бірінші кезең өңірлік (облыстық) деңгейде өткізіледі. Бірінші кезеңнің жеңімпаздары екінші кезеңге қатысуға ұсы­нылады. Екінші кезең респуб­ликалық байқау комиссиясы өткізетін республикалық деңгей­дегі өтеді. Екінші кезеңнің қоры­тындысы бойынша конкурс же­ңімпаздары анықталатын бола­ды. «Талаптарға сәйкес, кон­курс­қа мемлекеттік қызметтегі өтілі бір жылдан кем емес, әкімшілік және тәртіптік жаза берілмеген мемлекеттік қызметші қатысады. Әрбір қатысушы конкурстың бастапқы кезеңінде «Неге мен үздік мемлекеттік қызметші атағына лайықпын?» тақыры­бында өзінің мотивациялық эссесін тапсырған болатын. Моти­вациялық эсседе үміткердің кәсіби қызметтегі негізгі жеке жетістігі, қызмет саласындағы проблеманы шешуге, мемлекет­тік органның жүктелген міндет­тер мен функцияларын іске асы­ру процесіне қосқан жеке үлесі баяндалады», – деп атап өтті Ерхан Таткен. Еске сала кетейік, конкурсқа құжаттарды қабылдау 2020 жыл­ғы 29 мамырда аяқталған бо­латын. Конкурсқа қатысу үшін 761 өтініш түскен. Оның 565-і жергілікті атқарушы органның, 196-сы орталық мемлекеттік ор­ган және оның аумақтық депар­таментінің қызметкерлері. Мем­лекеттік қызметшілер арасын­дағы бұл конкурс 2017 жылдан бастап өткізіліп келеді. Осыдан үш жыл бұрын конкурсқа 300-ден астам мемлекеттік қызметші қатысса, биыл олардың саны 2 есеге артқан. Жалпы, конкурс барысында қатысушылар тиісті рәсімдерден өтуі қарастырылған. Бүгінде қатысушылар өздеріне берілген кейстік тапсырманы шешуді жүзеге асырып, жауабы бейнеформатта жолданды. Ал 8-12 маусым аралығында мәреге жеткендер «Мемлекеттік қыз­метті жетілдіру: пандемия нәти­жесі бойынша мемлекеттік қыз­метшінің қорытындылары» та­қырыбына бейнепрезентация жолдайды. Бейнежазба ұзақтығы 5 минуттан аспауы қажет. Респуб­ликалық комиссияның отырысы қашық форматында 15-19 мау­сым аралығында өткізіледі. Же­ңімпаздар «Жылдың үздік мем­ле­кеттік қызметшісі» төсбел­гі­сі­мен, дипломмен және естелік сыйлықпен марапатталады.  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ