Биыл бітеді...
Ақылы автобандар қатарына кіруі мүмкін «Нұр-Сұлтан – Петропавл» автожолының төрт жолақты, ұзындығы 7 шақырымдық учаскесіндегі жұмыстар 2020 жылдың күзінде аяқталады деп жоспарланған. Айта кету керек, автожолдың жалпы ұзындығы – 324 шақырым. «Нұр-Сұлтан – Петропавл» автожолының 282-289 шақырымындағы қайта жаңарту жұмыстары 2019 жылы қолға алынды. Жоба бойынша тасжол толық төрт жолақты болады. Бас мердігер – «Казахдорстрой» ЖШС. Биыл жолдың оң жағынан 6,5 шақырым жол телімі, сол жағынан қиыршық тас-мастикалық қоспадан жол жабынының 6,5 шақырым жоғарғы қабаты төселеді. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 69 жаңа жол белгісі мен қоршаулар орнату жоспарланған. Учаске бойынша 39 жол-құрылыс техникасы, 120 білікті маман жұмылдырылған. Бір қуантарлығы, олардың 60 пайызы жергілікті тұрғындар. Ал 2023 жылы толық аяқталады деген, құны – 242 млрд теңге Қарағанды – Балқаш арасындағы 363 шақырым жол 5 учаскеге бөлінген. Бас мердігер – түрік және қытай компаниялары. Құрылыс басында шамамен 2 мыңға жуық адам еңбек етуде. 850 техника жұмылдырылған. Құлмахан Есілбек, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары: – Биыл жол жөндеу жұмыстары кеш басталды. Себеп – карантин. Жұмысшылар әр аймақта тұрады. Келер жерлері алыс. Одан соң анализ тапсырып, өткізу құжатын дайындағанша біраз уақыт кетеді. Бірақ қазір бәрі шешілді. Адамдар келіп жатыр. Мұнда жұмысқа кедергі болмас үшін санитарлық талаптар қатаң сақталады. Сондықтан болар, осы күнге дейін учаскеде бірде-бір науқас тіркелмеді. Қазір олар екі ауысыммен тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Жоба жетекшілері құрылыс сапасына кепілдік беріп отыр, – дейді. Жол құрылысына жауапты мамандар төрт жолақты автобанның екеуі биыл ашылатынын айтады...Ескертпеге елең етпес...
Жамбыл облысының полиция қызметкерлері «ҚазАвтоЖол» басшылығына он шақты мәрте ескерту жіберген. Себеп: жол жөндеудегі кемшіліктер, жолдағы үлкен шұңқырлар, жол белгілерінің болмауы, сондай-ақ жол бойындағы қисайған қоршаулардың уақытында түзелмеуі. Жол полиция қызметкерлері қар тазарту жұмыстары мен мұзға қарсы қолданылатын материалдардың уақытында себілуін де қадағалап отырған. «ҚазАвтоЖол» атқаруы тиіс осы жұмыстарда арыз-шағымдар көп болған. «Облыс жолдарының жағдайын қатаң және уақытылы бақылау тек жол қауіпсіздігіне ғана әсер етпейді, сонымен қатар оны қадағалайтын мекеменің жауапкершілігін де арттырады», – дейді Жамбыл облысы ІІД бастығы Арман Оразалиев. Жыл басынан бері жол қауіпсіздігіне енжар қарағаны үшін «ҚазАвтоЖол» компаниясының жергілікті филиалында еңбек ететін 18 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бұл мысал еткеніміз бір ғана облыстағы жағдай. Дегенмен осындай олқылықтарды әр аймақтан табуға болады. Бұл не сонда? Жұмысқа деген селқостық па? Әлде, бюджеттен түскен қаржыны алып отыра береміз деген арам пиғыл ма?30 жылдан бері жөндеу көрмеген...
Биыл жылдар бойы шешімін таба алмай келе жатқан, ой-шұқырлы Қызылорда – Жезқазған және Жезқазған – Қарағанды жолдарында да жөндеу жұмыстары басталады. Мысалы, Қызылорда – Жезқазған тасжолы 30 жылдан бері жөндеу көрмепті. Аталған жол туралы Ерғали Бектеміров, жүк көлігінің жүргізушісі: – Жаңбыр жауғанда бұл жолдың 1-2 күн кепкенін күтіп жатасың. Арнайы техника келіп шығарса, шықтың, шығармаса, аш қалып, әйтеуір амалдап, өзің шығасың. Негізі, осы жолды жасаса дұрыс болар еді. Көлік сынып қалса, жолда тұрып қаламыз. Жезқазған қаласына дейінгі жолдың жартысына жуық бөлігіне ғана осыдан 30 жыл бұрын асфальт төселіпті. Күрежолдың қазіргі жағдайы, тіпті сын көтермейді. Төбеден снаряд жауғандай шұрық тесік. Бір жыртығын жамаса, екіншісі пайда болады, – дейді. Айта кету керек, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек: – Біз үшін ұзындығы 720 шақырым «Жезқазған – Қызылорда» автожолының құрылысы маңызды. «Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа бесжылдығы аясында биыл жол құрылысына кірісу жоспарланып отыр. Ол 2025 жылы аяқталуы тиіс, – дейді. Түйін:Қазіргі уақытта Үкіметте республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына, 2020 жылы – 5,9 мың шақырым, қалған 5 мың шақырымына 2023 жылы ақылы жүйені енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Әрине, кім болса да жүрген жолы үшін ақшасын төлейді. Тек сағызша созылып кетпей, бұл жобалар да дер кезінде іске асса болғаны.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ