«Қазақмыс» ЖШС корпорациясының бас директоры Амангелді Минигуловтың кеудесіне «Кәсіпқорған» кәсіподақ ұйымының басшысы пышақ сұғып, ауыр жаралады. Зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр.
Бас директордың қабылдауына келген кәсіподақ комитетінің басшысымен арада ұрыс-керіс туып, соңы қарулы қақтығысқа ұласқан. «Кәсіпқорған» ұйымының басшысы Тоғызбай Тәжбеновке жұмыстан шығатыны туралы ескертілген. Бұл шешіммен келіспеген қызметкер ашумен сыртқа атып шығып, қару әкелген. Қызметкер қаруымен ауаға оқ атып, қолындағы пышағын бас директорға сұғады. Сондай-ақ ол қасында отырған бөлім басшысы Сабыржан Тембаевты да жаралайды. Соңынан Тоғызбай Тәжбенов өзін-өзі атып көз жұмады.
Оқыс оқиғадан кейін корпорацияны полиция қызметкерлері қоршап алды. Жараланғандар ауруханаға жеткізілді.
«Ауыр жарақат алған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Минигуловқа Жезқазған қаласында сәтті операция жасалды», – деп хабарлады Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы.
Қарағанды облысының Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі болған оқиғаны растады.
«21 қаңтарда сағат 18:00-де «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Минигуловтың кабинетінде «Кәсіпқорған» кәсіподағының төрағасы Тәжбенов туындаған жанжал барысында Минигуловтың арқасына пышақ жарақатын салып, сондай-ақ корпорацияның маманы Тембаевқа да зардап тигізгені анықталды. Содан кейін куәгерлердің айтуынша, Тәжбенов сол жақ кеуде қуысына пышақ салып, оқиға орнында көз жұмды» деп хабарады ІІД баспасөз хатшысы.
Күдіктінің көз жұмуына байланысты қылмыстық істің қалай қозғалатыны әлі белгісіз. Тоғызбай Тәжбенов облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі болатын.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,Қарағанды облысы