Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева биыл 75 жастың төріне шықпақ. «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған шайырдың үшбу мерейтойына орайластырылған әдеби-мәдени шаралар Батыс Қазақстан облысының аудан-ауылдарында ұйымдастырылып, оқырман қауым Ақұштап ақынның ақ жауындай ақ желең өлеңдерімен сусындап жүр. Осындай жыр кештері күні бүгінге дейін Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала, Қазталов, Сырым және Қаратөбе аудандарында өтті. Былтыр жыл соңына таман «Ана сыры» кітабы үшін Отанымыздың әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлығына ие болған ақын ауыл-аймақтағы оқырманымен сағына қауышып, ел ішіне, халық арасына рухани шуақ шашып келеді.
– Даласы ұлан-ғайыр болғанымен, қазақ өзі аз халық. Сол себепті, ұлы Абай айтқандай, расында да, «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос». Ел іші, ең алдымен, қазақ арасы тату болса деймін. Түрі, тілі тіпті, діні өзге отандастарымызға татулығымызбен, еңбекқорлығымызбен үлгі болу, өнеге көрсету мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтың басты парызы деп білемін.
«Отан – отбасынан басталады» дегендей, ұл болсын, қыз болсын, бала тәрбиесіне әу бастан мұқият болған ләзім. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қараңдар, айналайындар! Өйткені бүгінгі бойжеткен – елдің болашағы үшін жауапты ертеңгі ана, әже. Жастарымыздың жат діни ағымдардың шылауына шырмалуы – елдікке, тәуелсіздікке төнген қауіп-қатер. Осы зауалдың бетін даладағымыз болып, қаладағымыз болып, үлкеніміз-кішіміз болып жұмылып қайтаруға тиіспіз!
Ақын ретіндегі басты арманым – әдеби кітап оқитын, өлең-жырды түсініп оқитын, оқығанын зердесіне мықтап тоқитын ұрпақ өссе екен деймін. Мына заман – ақпараттық тасқынның заманы. Әрине, демократия да керек, бірақ ол әсте аузыңа келгенді айтып, ойыңа келгенді істеу емес. «Басшыға бағынбаған ел болмайды, табына білмеген елдің әулиесі болмайды» дейді. Сол себепті, ел-жұртқа, үлкен-кішіге бірдей айтарым, сауатты болыңдар. Әрбіреуің басқа ұлттың ақылдысын тоқтататындай білімді болыңдар деймін. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл да толған жоқ. Бұл – тарих үшін көп уақыт емес, қас-қағым сәт. Жастарымыз әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті білімді, еңбекқор, елжанды, дін-діліне берік болса ғана ұлт ретінде барша мұрат-мақсатқа жетеріміз анық, – деп ағынан жарылды ақын.
Ақұштап Бақтыгереева облыстың оңтүстік аудандарын аралағанда мерейтой иесіне Алматыдан арнайы келген танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, таяуда ғана ТМД елдері мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының «Достастық жұлдыздары» мемлекетаралық сыйлығына ие болған Есенғали Раушанов игі тілек, ізгі ниетін арнады.
– Ақ Жайық арқау болған әдеби шығарма баршылық. Қазақтың үлкен жазушысы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясы кезінде лайықты бағасын алғаны аян. Міне, сол Ақ Жайықты поэзия тілінде халқымыздың өткен тарихымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен байланыстыра жырлай білген ақын, өзім ұстаз тұтатын Ақұштап апамыз. Пайғамбарлардың арасында бірде-бір әйел заты жоқ. Алайда олардың бәрі анадан туған, Ақұштап Бақтыгереевадай анадан тәлім-тәрбие алған деп ойлаймын. Апамыз сол адал ана бейнесін әдебиетімізде қалыптастырды. Бүгінде Ақұштап Бақтыгереевадай ұлтымыз мақтан тұтатын қадау-қадау тұлғалар өте сирек. Жуырда ақынның өлеңдері БҰҰ бекіткен әлемнің алты тіліне аударылып, жарық көрмек. Бұған қоса, дүниежүзіндегі жетінші үлкен тіл – түрік тілінде Ыстамбұл қаласында кітабы шықты деген сүйінші хабарды естіп отырмыз. Ақын бақыты – елмен тілдесу, халықпен сырласу, пікірлесу. Ақынға өлеңдері жұртының жүрегінде қалғаннан асқан бақыт жоқ, – деді Есенғали шайыр. Сондай-ақ Ақұштап Бақтыгереевамен осы жолы Қазақстан Президенті әкімшілігінің қолдауымен қолға алынған Қазақстан Жазушылар одағының «Әдеби өлкетану» жобасымен елге шыққан оралдық қаламгер Ғайсағали Сейтақ, Алматыдан келген жазушы Қойшыбек Мүбәрак, жас ақын, республикалық «Ақ желкен» журналы бас редакторының орынбасары Аслан Тілеген сапарлас болды. Жаңақала ауданында оларға қос ақын Закария Сисенғали мен Мұнайдар Балмолда қосылды. Ал Ақұштап ақын Сырым, Қаратөбе аудандарына барғанда Алматыдан арнайы келген қазақтың және бір жоталы ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай да ерке сылқым Ақ Жайықты жағалай қонған жайсаң елмен жүздесіп, жыр оқыды.
– Ақ Жайық атырабын аралаған осы сапарымызда ақыны мен тарихын құрметтейтін ел-жұртты көрдік. Кең-байтақ еліміздің батыс өңірінің табиғаты мен тарихын тани түстік. Музейлерді аралап, ел ішіндегі көнекөз қариялармен әңгіме-дүкен құрдық. Ауыз әдебиеті үлгілерін, аңыз әңгімелерді, құнды деректерді ойға тоқып, қағазға түртіп алдық. Өзіме, әсіресе, Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы музейі айрықша әсер қалдырды, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің аға оқытушысы, The Qazaq Times ақпараттық, қоғамдық-саяси порталының бас редакторы Қойшыбек Мүбәрак.
Ақұштап Бақтыгерееваның мерейтойына арналған Қаратөбе ауданындағы шара барысында мәртебелі меймандар Саралжын ауылдық округіне арнайы барып, дарынды дала бұлбұлы, еліміздің батыс өңірінде өзіндік ән мектебін қалыптастырған Мұхит Мерәліұлының зиратына барып, Құран бағыштап, тағзым етті. Содан соң қаламгер қонақтар мен жергілікті жұрт Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығының фойесіндегі А.Бақтыгерееваның шығармашылығына арналған «Жайығым деп сыр ашып, жырдан төккен кестесін» атты көрмені тамашалады. Әдеби кеш барысында Ақұштап Бақтыгереева мен Ғалым Жайлыбай өлеңдерін оқып, толғандыратын көкейкесті мәселелер жөнінде әңгіме тиегін ағытты. Әрине, Мұхит пен Ғарифолланың әндеріне қоса, Ақұштап апамыздың өлеңіне жазылған әндер де көрермен қауымның көңіл төріне қонақтады.
Сырым ауданында «Жайықпен жаны егіз Ақұштап» атты шырайлы шара өтті. Бұл кеште де өлең-жыр оқылып, ән шырқалды. Сонымен қатар әрі би, әрі батыр, әрі көсем, әрі шешен Сырым Датұлының есімін иеленген ауданда Алашорданың күнбатыс бөлігінің атамекенінде тарихты түгендеу, ұлы мәртебелі тәуелсіздікті нығайту, бала тәрбиесі, адал еңбек секілді көкейкесті тақырыптарға қатысты толғақты ойлар жиі айтылды.
Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің мәліметіне қарағанда А.Бақтыгерееваның аудан-ауылдардағы оқырманымен жүздесуі, шығармашылық кештері Орал өңірінің басқа аудандарында да жалғасын таппақ. Ал республикалық ауқымдағы мерейтойлық шара алдағы қыркүйекте облыс орталығы Орал қаласында басталып, содан кейін ақынның туған ауыл-аймағы – Теректі ауданында жалғасып, мәреге жетеді.
Батыс Қазақстан облысы,
Юауыржан Файзоллаұлы