Демалыс күндері Нұр-Сұлтанда санитарлық нормаларды сақтамаған 15 нысан басшылығына ескерту жасалып, 3 мекеме қайта жабылды.
Сенбі-жексенбі күндері барлығы 230 кәсіпорын тексерілген. Ескерту алып, жабылған нысандар – асханалар мен кофеханалар.
Әкімдіктің мобильді тобы полицейлермен және эпидемиологтармен бірге санитарлық талаптарды сақтамайтын мекемелерді анықтау үшін күн сайын рейд өткізеді.
Бұған дейін карантин талаптарын бұзғаны үшін жұмысы тоқтатылған нысандар санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз етпейінше жабық болады.
«Елордада маска тағу режимі әлі де сақталып отыр. Автобустар, дүкендер және халық көп жиналатын басқа да жабық жерлерде маска киіп, арақашықтықты сақтап, антисептик пайдалану қажет. Санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақталмаса, қалада күшейтілген карантин режимін енгізуге – нысандардың жұмысын тоқтатуға, қалада жүріп-тұруға шектеу енгізуге тура келеді», - деді әкімдіктен.
Айта кетейік, бұған дейін елордада 120 нысанның жұмысы қайта тоқтатылған болатын.