Түркістан облысының Сарыағаш ауданында соңғы қоңырау күні жол ережесін бұзған 27 жүргізушінің көлігі айыптұраққа қойылды. Екі күндік рейд кезінде жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірімдер көлік жүргізгені анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
«Жас түлек-2020» мерекелік шаралары кезінде учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналды полиция тобының инспекторлары күндіз және түнде рейд жүргізді.
Профилактика жұмысы барысында көлік жалдап шеру ұйымдастырған, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған жасөспірімдер анықталған. 25 көлікті тізгіндеуші түрлі құқықбұзушылық жасап, жол қауіпсіздігі ережесін сақтамағаны үшін әкімшілік шара қолданылып, ҚР ӘҚБтК-нің бес бабы бойынша хаттамалар толтырылған.
Ал түлектерге көлігімен қызмет көрсеткен жүргізушілерге түсіндіру жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, түнгі рейд барысында түнде сағат 23:00-ден кейін жүрген 9 жасөспірім анықталып, олардың ата-анасына да әкімшілік хаттама толтырылды.