Әлеуметтік желілерде Алматыдағы рұқсат етілмеген митинг кезінде бойжеткеннің тәртіп сақшысын жұдырықпен ұрып жіберген видеосы тарап кеткен болатын. Полиция өкілдері қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын хабарлады.
Polisia.kz сайтының жазуынша, оқиға 6 маусым күні болған.
«Заңсыз митингке қатысқан Төлесова қызметтік міндеттерін атқарып тұрған тәртіп сақшысына қарсы күш қолданды», - деп түсіндіреді құқық қорғаушылар.Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің айтуынша, қоғам белсендісінің заңға қайшы әрекеті бұлтартпас айғақ ретінде видеожазбамен расталып отыр. Қазіргі уақытта аталмыш фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы:
ҚР ҚК-нің 378-ші «Билік өкiлiн өз қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде немесе оларды атқаруына байланысты қорлау»; ҚР ҚК-нің 380-ші «Билік өкiлiне қатысты күш қолдану» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.Полиция өкілдері бойжеткенге үш жылға дейін бас бостандығынан айрылу қаупі төніп тұрғанын айтады. 8 маусым күні күдікті Төлесова ұсталып, Алматы ПД уақытша қамау изоляторына қамалды.