Қазақстандықтар көліктерін жеке куәлікпен ғана қашан басқара алатыны белгілі болды
Қазақстандықтар көліктерін жеке куәлікпен ғана қашан басқара алатыны белгілі болды
© сурет интернеттен алынды
5,220
оқылды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазақстандық жүргізушілерден жеке куәліктен басқа құжат қашаннан бастап талап етілмейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Автокөлік құралдарына қатысты құжаттар, жүргізуші куәлігі бойынша ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көктемде бағдарлама әзірлеуді тапсырған еді. Біз оны интеграцияладық. Бүгінгі күні ол бізде бар. Төтенше жағдай кезінде блокпостарда біз оны толықтай сынақтан өткіздік», - деді Ерлан Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Оның айтуынша, бүгінде жол полиция қызметкерлерінің қолында 13 мың электрондық планшет бар. Аталған электрондық құрылғыда жеке тұлға, көлік құралы, сақтандыру компаниясы, көліктің техникалық тексеруден өткендігі туралы құжат және Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында бар өзге де тіркеу құжаттарының базасы интеграцияланған. «Бүгінгі күннің өзінде-ақ біз техникалық тұрғыдан оған көшіп кетуге дайынбыз», - деді ол. Дегенмен, министр ол үшін заңның кейбір нормаларын қарастыру қажеттігін және олардың қазіргі уақытта Мәжілістегі жұмыс топтарында қарастырылып жатқанын айтты. «Егер жыл соңына дейін заң жобасы Парламенттен өтетін болса, онда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке куәліктен басқа ешқандай құжат алмастан көлік құралымен жүре беруге болады», - деді Ерлан Тұрғымбаев.