2 000 ауылда интернет жоқ
Елімізде интернетке қолы жетпей жүрген қаншама ауыл тұрғыны бар. Қазіргі 2 000-ға жуық ауылда интернет атымен жоқ. Интернетке қосылмай, құдды бір ғаламнан алшақтап кеткендей. Елдегі ірі қалалардағы интернет жылдамдығы жоғары, ал шалғай өңірлер шабан аттай қалып бара жатқаны жасырын емес. Осыдан 2 жыл бұрын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы іске асырыла бастады. Әу баста 741 елді мекенді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етеміз деген мақсат қойылған. Бірақ бұл жоспар толық орындалған жоқ. Өткен 2 жыл ішінде тек 481 ауыл кеңжолақты интернетке қосылған. Жалпы, бүгінгі таңда кеңжолақты интернет желісімен 3 324 ауыл қамтылған екен. Бұл – халқының саны 250 адам және одан асатын ауылдар. Қазіргі заманда адамдар негізінен мобильді құрылғыларды көп пайдаланады. Осы кезде елде 34 млн-нан астам құрылғы тіркелген екен. Ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын белсенді пайдаланушылар шамамен 14,9 млн астам. Олардың интернетті смартфондар арқылы пайдаланатыны анықталған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жыл соңына дейін 928 ауылды, ал келер жылы тағы 1 000 ауылды интернетке қоспақ. Осылайша, алдағы 2 жылда жылдың соңында жылдамдығы жоғары мобильді интернет 163 елді мекенде қолжетімді болмақ. Ал 3G және 4G байланысын 18 млн адам пайдаланады деп жоспарлануда. «Өңірлердің әлеуметтік мүмкіндіктерін теңестіру және ауданнан ауылға дейін талшықты-оптикалық жеткізу желісі бойынша жылдамдығы жоғары интернетпен қамту үшін 2018 жылдан беру МЖӘ жобалары іске асырылуда. Бұл жоба аясында біз талшықты-оптикалық кабель құрылысын қаржыландырмаймыз, дайын сервисті сатып аламыз. Осылайша, біз қазіргі кезде әдеттегі АКТ инфрақұрылымын салудан бас тарттық. Бүгінде ауылдардың 50%-ы 607 ауылдық елді мекен талшықты-оптикалық жеткізу желісімен қамтылған. Биыл жыл соңына дейін 250-ден аса адам тұратын 928 ауыл 3G және 4G жоғары жылдамдықты интернет технологияларымен қамтылатынын еске салғым келеді» деген еді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов. Осылайша, министрлік 2021 жылы интернетпен қамтуды 98 пайызға жеткіземіз деп меже қойып отыр. 2 жылдық бұл жоспар толық жүзеге аспағанын ескерсек, екі жылда 2 мың ауылды толық қамтимыз дегені көңілде күдік ұялататыны рас. Жоспардың толық іске асуы – уақыт еншісінде.Елімізде интернетке қолы жетпей жүрген қаншама ауыл тұрғыны бар. Қазіргі 2 000-ға жуық ауылда интернет атымен жоқ. Интернетке қосылмай, құдды бір ғаламнан алшақтап кеткендей. Елдегі ірі қалалардағы интернет жылдамдығы жоғары, ал шалғай өңірлер шабан аттай қалып бара жатқаны жасырын емес.
Байланыс желілерін тарту қалай жүруде?
Елде шалғай ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жобасы жүзеге асып келеді. Мәселен, жыл басталғалы 76 ауылға базалық стансалар салынған. «Қазақтелеком» 303 ауылға оптикалық сым жүргізген екен. Жыл соңына дейін 463 ауылға желі тартпақ. «Транстелеком» АҚ осы жылдың соңына дейін 161 ауылдағы оптикалық желі құрылысын аяқтауды жоспарлап отырғанын айтты. Жоспар жақсы, ал оның іс жүзінде орындалуы – екінші мәселе. Ауыл-аймақтарда интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты жақында Парламент Мәжілісі заң жобасын мақұлдады. Онда мобильді байланыс желілеріне арналған антенналық құрылыс жайлар салу, жер учаскелерін алу рәсімін оңайлату көзделген. Депутат Майра Айсина «заң жобасында мобильді байланыс желілеріне арналған антенналық құрылыс жайлар салуға жер учаскелерін алу рәсімін оңайлату көзделеді. Қазіргі уақытта операторлар базалық ұялы байланыс стансаларын салу үшін жалға алынған жер учаскесін міндетті түрде нысаналы мақсатынан өзгерту қажет. Соның нәтижесінде, іс жүзінде телекоммуникация жабдығын салу 1,5-2 жылға дейін созылып кетеді», – дейді. Заң жобасы байланыс объектілерін салу кезінде жер учаскелерін ресімдеу бойынша рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуға бағытталған. Сонымен бірге байланыс операторларының барлығына телекоммуникациялық инфрақұрылымға тең қол жеткізу мүмкіндігін бермек. Яғни, бұл салада заң жобасы бар. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком-сервис» ЖШС және «Кар-Тел» ЖШС компаниялары арасындағы меморандум бекіген. Яғни, тиісті келісімдер бар. Ендігі міндет тек жұмыс істеуде. Министр Асқар Жұмағалиев байланыс операторларына жұмыс қарқынын баяулатпау қажетін айтып, карантин кезінде енгізілген шектеулерге байланысты мәселелерді шешуге көмектесуге дайынбыз деп сендірген еді. Ал мердігерлік ұйымдар жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік беруін сұрап, өз міндеттемелерін сапалы әрі уақытылы орындаймыз деп отыр. Қазақстан қосылу жылдамдығы 100 мБит/сек болатын интернет қызметінің тарифтерінің төмендігі бойынша әлемдегі елдердің бестігіне кіреді. Ал әрбір оныншы қазақстандықта интернет пайдалану мүмкіндігі жоқ. Осыдан-ақ біздегі интернет қызметін бағамдай беріңіз. Цифрландыру бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес, ең алдымен экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажет қой деп ойлаймыз.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ