Дамыған елдерде мұндай жоқ. Бізде неге екіге бөлінеді? Көпшілік пікірі осыған саяды.
7 маусымда жалпы статистикаға қосылмаған 313 симптомсыз коронавирус тасымалдаушы тіркелген еді. Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар бойынша статистиканы жариялай бастаған-ды. «Бұған дейін де Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар бойынша статистика жүргізіп келді. Аталған статистикада COVID-19 вирусын жұқтырған, ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ адамдар есепке алынды. Бүгіннен бастап барлық ресми дереккөздерінде коронавирус инфекциясы бойынша ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар бойынша статистика жеке-жеке жарияланады» делінген еді.
Министрлік мұндай тәсілдің халықаралық тәжірибеде бар екенін және көп елдерде қолданылып келетінін айтады. «Бұлай бөлудің мақсаты – симптоматикалық емдеуді қажет ететін науқастардың саны бойынша жағдайды көрсету. COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ адамдар айналасындағыларға елеулі эпидемиологиялық қауіп төндіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда тестілеу кезінде күн сайын анықталып жатқан жағдайлардың 60 пайызға жуығы – бұл инфекцияны симптомсыз тасымалдаушылар екенін атап өткен жөн. Елімізде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушыларды бақылау жалғаса бермек» деп жазды министрлік.
Бұлай бөлудің дұрыс-бұрыстығына күмән келтіріп жатқандар да бар. Әлеуметтік желі қолданушылары «маусымның 3-нен бері вирус жұқты деп анықталған 1 357 адам симптомы болмағаны үшін негізгі санға кірмей қалды. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 1 357-ге азайтылып, 12 859 болып тұр. Әлем сүйенетін Джонс Хопкинс дерек базасына да соңғысы кеткен. Осыған дейін Е.Біртанов вирус жұқтырғанның 82 (шамамен, өйткені жиі өзгереді) пайызында ауру белгісі жоқ деп айтып келді емес пе? Демек, емдеуді қажет ететіні – қалғаны, солай ғой? Оның үстіне, ауру белгісі кімде бар, кімде жоғын ДСМ онсыз да біліп отыр емес пе? Сонда мұның не қажеті болды екен?» деп жазады.
Ал бас санитар Айжан Есмағамбетова мұны «халықаралық тәжірибеде бар нәрсе» деп отыр. «Симптомсыз тасымалдаушылар аса жұқпалы емес, олар вирус таратпайды», – дейді бас санитар. А.Есмағамбетованың айтуынша, симптомсыз және симптомға дейінгі инкубация кезеңінде жүргендерді бөліп алу керек. Олардың белгілері анық емес екенін, бірақ оның дамитынын жеткізді.
«Эпидемиология тұрғысынан біз симптомды науқастарға көбірек уақыт бөлуіміз керек, өйткені олар ең қауіпті, жұқпалы дертті кем дегенде жеті адамға дейін жұқтырады», – дейді бас санитар. Ол «өткен аптадағы күнделікті науқастар өсімі 1,9% бен 4,7% аралығында болды. Бұл – симптомды және симптомсыз науқастардың жалпы саны. Науқастарды 3 маусымнан бастап, симптомды және симптомсыз деп бөле бастадық. Сәйкесінше, 3-7 маусым аралығында 1 357 симптомсыз, 1 073 симптомды науқас тіркелді. Барлығы 13 074 коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы анықталды», – деді Айжан Есмағамбетова онлайн-брифингте.
Вирус тасымалдаушылар қандай жолмен анықталып отыр? Бұл туралы бас санитар: «науқастардың 45% – байланысқа түскендер. Ал 40% – профилактикалық тексеруден өткендер, 10% – ауру белгілерін байқап, дәрігерге хабарласқандар болса, 5% – шетелдерден келгендер. Қазіргі уақытта 8 мыңға жуық адам аурудан айығып, үйлеріне қайтарылды», – дейді.
Сонымен, 8 маусымдағы деректерге сәйкес, жалпы белгілері жоқ тасымалдаушылар саны – 1 696 адам. Қазір дәрігерлер тарапынан симптомсыз тасымалдаушылар қауіпсіздеу деген пікір айтылып жатыр. Клиникалық белгілері бар науқас орташа есеппен 3 адамға ауру жұқтырады деген де дерек бар.
«Қазіргі таңда біз эпидемиологиялық тәртіп бойынша симптомы бар науқастарға көбірек назар аударамыз. Бірақ симптомсыз науқастар да назардан тыс қалмайды», – дейді бас санитар.
Коронавирустың ауру белгілері бар науқастар симптом пайда болғаннан кейін 10 күн өткен соң ғана өзге адамдар үшін қауіпсіз болады деседі. Дегенмен дерт жұқтырған науқастың қауіпті екені белгілі. Ал адамның бойында коронавирустың симптомы бар-жоғын қалай анықтаймыз? Мәселе – осында. Мүмкін, әрқайсысымыздың жанымызда симптомсыз тасымалдаушы жүрген шығар. Кім білсін?!