Сондықтан да оған деген құрмет ешқашан толастамақ емес. Ел бірлігінің басты факторы саналатын мемлекеттік тілді меңгеруге Жамбыл облысы Қордай ауданының тұрғындары да аса құлшыныс танытуда. Бүгінде мұнда тілді оқыту курстарының саны артып, онда 565 тыңдаушы оқытылуда.
Сондай-ақ елді мекенде қазақ тілін тілдесу арқылы меңгерту, ойын еркін жеткізе білуге жағдай жасау мақсатында SÓIlE клубы құрылған. Ағымдағы жылдың 1-6 маусым аралығында Қордай ауданы Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Бәйтерек, Қарасу ауылдарында ашық аспан астында SÓIlE клубының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға барлығы 200-ден аса адам қамтылып, TedX әдісімен клуб отырысы жүргізілді.
Аталған ауылдарда клуб отырысы жазғы мезгілде ашық аспан астында апта сайын өткізілмек. Осылайша, жыл соңына дейін 1 500 адамды қамту жоспарланып отыр. Нәтижесінде, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтіндердің ортасы қалыптасып, қазақ тілін еркін қатынас құралы ретінде қолдануға мүмкіндік тумақ.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына жуырда жасаған жұмыс сапары барысында Сортөбе ауылында SÓIlE клубының кезекті отырысына қатысып, тыңдаушылармен тілдесті. Аймақ басшысы «адамның ең негізгі байлығының бірі – оның тілі» екенін тілге тиек етіп, мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тілі ретінде қолдану керегін айтты.
– Егер ата-аналар балаларымен қазақша сөйлессе, балалар тез тіл үйренеді. Мемлекеттік тілмен қатар бәсекеге қабілетті болуға көмектесетін басқа да шет тілдерін білу керек. Біздің міндетіміз – жастарға лайықты білім беріп, бірнеше тілдерді меңгеруіне жағдай жасау. Осындай жұмысты басқа ауылдарда да ұйымдастыру керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, Сортөбе ауылындағы «Тілдер саябағы» жазғы лагерінде қазір мемлекеттік тілмен қатар шет тілдері де оқытылуда. Әлеуметтік жобаның жетекшісі Бақнұр Зиябековтің айтуынша, бүгінде лагерьде 200 адам қазақ, ағылшын, француз тілдерін үйренуде. Тыңдаушылар арасында балалар да, ересектер де бар. Ал дәрісті Назарбаев университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері өткізуде.
«Тіл – достықтың алтын көпірі» дейді қазақ даналығы. Қордайлықтардың жаппай қазақ тілін үйреніп жатқанын жақсылыққа жорыдық. Ендеше елді мекенде барша ұлттар мен ұлыстар мемлекеттік тілде сөйлеп, тату-тәтті ғұмыр кешсін деп тілейік.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы