«Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов 10 маусым күні дүниеден өтті. Жақында белгілі әртіс жол апатына ұшыраған, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
Тайыр Ғатауовтың есімі қазақстандық балет жылнамасына мәңгілікке жазылды. Ол елордадағы хореографиялық өнердің негізін қалаушылардың бірі болған. Солист Қазақстанның мәртебесін шетелде асқақтатып, Франция, Венгрия, Италия және т.б. елдерде өнер көрсеткен. Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дебюттер достастығы» ТМД жастар сыйлығының лауреаты.
«Тайыр Ғатауов би ұстазының отбасында дүниеге келген, әкесі оған бала күнінен бастап заманауи және халық билеріне деген махаббатты бойына сіңіріп, А.Селезнев атындағы хореографиялық училищеге оқуға берген. 2003 жылы училищені үздік тәмамдаған соң, Тайыр Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының солисі атанды, сол жерде 10 жыл еңбек етті. Ал 2013 жылы «Астана Операның» жетекші солисі болды. 2007 жылы аты аңызға айналған миландық Ла Скала театрында (Италия) тағылымдамадан өтті. 2018 жылы Қазақ ұлттық хореография академиясын тәмамдап, «Өнертану ғылымдарының магистрі» біліктілігін алды», - делінген театрдың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Тайыр Ғатауов жарқын да ұмытылмас бейнелер галереясын жасады. «Астана Опера» өнерсүйер қауымының жадында ол П. Чайковскийдің «Аққу көліндегі» Зигфрид, П. Чайковскийдің «Щелкунчик» балетіндегі ханзада Щелкунчик, Л. Минкустың «Баядеркасындағы» Солор, Л. Минкустың «Дон Кихот» балетіндегі Базиль ретінде және өзге де көптеген тамаша партияларымен қала бермек.