Елорданың «Нұрлы жол» вокзалында «Жолаушылар тасымалы» компаниясының бас директоры Михаэль Кортюм Беларусьтің Гомель қаласында күрделі жөндеуден өткен вагондарды таныстырды.
Михаэль Кортюмнің айтуынша, ескі вагондарды жөндеу кезінде тұтас металл шанақ пен қаңқасынан басқа бөлшектер түгел жаңартылған.
– Біздің мақсат – жолаушыларға сапалы қызмет көрсету. 2020 жылдың жазына дейін жеткілікті деңгейде вагондармен қамтамасыз етуге тиіспіз, сондықтан ескі вагондарды күрделі жөндеуден өткіземіз және жаңа вагондар сатып аламыз. Вагондардың сапасы жақсы болуына мән береміз, яғни жөндеу жұмыстарына экологиялық тұрғыда таза материалдар қолданылады, – дейді компания басшысы.
Күрделі жөндеуден өткен купе вагонынан плацкарт вагоны жасақталған. Вагон ішіне бейнебақылау, кондиционер жүйесі, әрбір жолаушының отыратын орнында қуаты 220Вт-тық электр нүктесі, жолсерікті шақыруға арналған сигналды түймешік, таза су құтысы, тоңазытқыш пен қысқа толқынды пеш орнатылған. Бұл вагондар көмірмен де, электр қуатымен де жүре береді.
Компанияның даму стратегиясының маңызды бір бағыты – жолаушы вагондарының тапшылығын шешу. Осы орайда, «Жолаушылар тасымалы» АҚ вагондардың санына ғана емес, сапасына да көңіл бөледі. Қазір ескі вагондарды жөндеу кестесі әзірленген. Вагон паркін кезең-кезеңімен жаңарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұдан былай жыл сайын 100 вагон жаңартылмақ.
Жалпы, 2016-2019 жылдар аралығында компания 269 вагон сатып алыпты. Оның ішінде былтыр «Тұлпар» зауытында ресейлік технологиямен құрастырылған 91 жаңа вагон бар. 2020 жылы «Тұлпар» зауытынан 118 вагон сатып алу жоспарланған. Оның 18 данасы 2020 жылдың бірінші тоқсанында, қалған 100 данасы 2020 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылмақ. Сондай-ақ пайдалану мерзімін ұзарту үшін тағы 85 вагонды күрделі жөндеуден өткізу көзделген.
Бүгінде ұлттық тасымалдаушы паркінде 2 200-ден астам вагон бар, оның 670-і – «Тұлпар-Тальго» вагондары.
Айта кету керек, бір жолаушы вагонын күрделі жөндеуден өткізуге 148 млн теңге жұмсалады. Ал жаңа вагонның құны – 400 млн теңге.
Ерсайын БАҒДАТ