Ақтөбе облысында карантин талаптары күшейтіледі
Ақтөбе облысында карантин талаптары күшейтіледі
5,170
оқылды
Ақтөбе облысында карантин талаптары күшейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ақтөбе облысында карантин режимі аяқталып, блокпостар алынғаннан кейін коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Қазір ауруханада жатқан 12 науқастың жағдайы ауыр, оның 4-еуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. «Бір науқас өмір мен өлім арасында жатыр. Бізді вируске шалдыққандардың арасында жағдайы нашарлағандардың артуы алаңдатып отыр. Сондықтан сақтық шараларын қаперде ұстаған жөн», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жергілікті арнадағы тікелей эфир барысында. Ал облыстың бас санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева шектеу шаралары күшейтілетінін мәлім етті. «Бір күнде 26 жағдай тіркелді. Бұл – көп. Сондықтан бірер күнде шектеу шарасын күшейтуге шешім қабылдаймыз. Блокпостар қойылмайды, қала жабылмайды. Тек, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік обьектілерінің жұмыс уақыты қысқарады. Базар, қоғамдық көліктің жүру уақыты шектеледі. Бірнеше нысан жұмысын тоқтатады. Тізімі алдын ала жарияланып, таныстырылады. Себепсіз көшеге шықпаған жөн. Той-томалақ өткізбеген дұрыс», - деді облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева. Еске салсақ, Ақтөбе облысының орталығында ғана емес, аудандардарда да коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші артты. Бүгінге дейін өңірде коронавирус 427 адамнан анықталды, оның 249-ы жазылып шықты. Облыста індеттен қайтыс болу оқиғалары тіркелген жоқ.