Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің шектеу іс-шараларын және карантинді енгізу жөніндегі өкілеттіктері күшейтіледі. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 27 сәуіріндегі мәлімдемесінде кодекс жобасына халық денсаулығын сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін жақсартуға бағытталған практикалық ұсыныстар енгізуді тапсырды. Осылайша кодекс жобасында бас мемлекеттік санитар дәрігерлердің шектеу іс-шараларын және карантинді енгізу жөніндегі өкілеттіктерін күшейту, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларын әлеуметтік қорғау бойынша шаралар енгізу, Денсаулық сақтау министрлігіне төтенше жағдайды енгізу кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тәртібін айқындау бойынша құзырет беру көзделген», - деді «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер енгізу жөнінде» ілеспе заң жобасын таныстырған министр.
Сонымен қатар оның айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайда жедел ден қою мақсатында дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігіне әсер ететін жағдайлар туындаған кезде фармацевтикалық инспекция жүргізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдана отырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту көзделеді.
«Көрсетілген түзетулерді қабылдау нәтижесінде айналадағыларға қауіп төндіретін аурудың таралу мүмкіндігі төмендейді. Әлеуметтік қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметін нығайту, төтенше жағдай кезеңінде жекелеген медициналық қызметтер көрсетуді жедел ұйымдастыру, дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау саласындағы концессиялық жобаларын тиісінше іске асыру жақсарады», - деді Елжан Біртанов.