Ол бүгін алпысқа келді. Тағдырымыз қанаттас, кейінгі қырық жыл өміріміз сапарлас екен. Желге мінсең жеткізбес жүйткіген уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз, оқу, жастық дәурен, тәуелсіздіктің қанатты жасампаз жылдарындағы қызмет, бәрі көз алдымызда. Сол өткен уақыт несімен қымбат, әрине, бірге жүрген дос, сыйлас замандаспен жасаған еңбек нәтижесімен. Алдымыз алпыс асып, соңымыз алпысқа жетіп, аға атанған шағымызда сонау арман қуып, Алматыға келіп қара шаңырақ Қазақ университетіне оқуға түскен кез, бірге оқыған курстастар есімізге жиі оралады.
Әр тарихи уақыттың өз құндылығы, ерекшелігі болатыны оқиғаның уақыт пен кеңістікке бағыныңқы екені белгілі ақиқат.
Қазақстанда ол кезде екі ғана заң факультеті бар: бірі – Алматыда, екіншісі – Қарағандыда, оларға конкурс қырғын, бір орынға отыз-елу адам, оны еңсеріп өту қазіргі «Болашақ» бағдарламасына ілігуден қиын болатын. Екі жыл еңбек, екі жыл кеңес әскерін артқа тастап жиырмадан асқанда оқуға түстім. Университетке келген сәттен студент мәртебесіне «шал» деген лауазым қосақталды. Небір жігіттер мен қыздар армандарына қанат байлап білім теңізіне бойлады, арамызда алтын медальмен келіп бір емтиханмен оқуға түскен сары үрпек жастар да болатын. Соның бірі біздің топқа түскен, қазіргі атақты профессор, бүгіндері алпысқа толып отырған Зайлағи Кенжалиев еді. Ол албырт, ашық мінезімен, ерке қылығымен ортаға тез сіңісті, бәрімен құрдасша қалжыңдасып, топтың сүйкімдісіне айналды. Жалпы, оқуда курстас, әскерде жылдас, депутаттықта шақырылымдас, тағы да басқа біркелкі, тең құқылы топқа түскенде жас айырмашылығы еленбей жақындық қарым-қатынас орнайтыны, топтық сана үстемдік алатынын психолог ғалымдар анықтаған құбылыс. Біз де бір үйдің баласындай тату достықта болдық, тең құрбы болып әзіліміз жарасып, дүние ортақ, Абай ақын айтқандай
– Махаббат, қызық, мал мен бақ,
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ? – жағдайында студенттік кезіміз өтті. Зайлағи алғыр студент болды, білім құмарлығымен, көпшілдігімен көзге түсті. Университеттің қоғамдық жұмысына белсене араласып, құрылыс отрядтарына бірге барып, еңбекте шыңдалды.
Еліміздің әр тарабынан болсақ та рухымыз бір. Айтатынымыз – қазақ тағдыры, оның кеңестік бұлыңғыр болашағы, экологиялық апат зардабы, ана тіл мәселесі.
Қоғамның ахуалын жастар тез сезеді, біз сол тоқырау жылдарының орта тұсында кемелденіп, оның салқыны мен қиындығын сезіп өскен ұрпақпыз. Алдыңғы буын мен қазіргі алпыстан асқан адамдар үшін өткен уақыттың психологиялық жүктемесі өте ауыр болды. Социализм мадағы, оған кереғар бүгінгі нарық еркіндігі, дінсіздік пен қазіргі асыра діндарлық, диалектикамен кері диалектика, партиялық бюрократия, бүгінгі меритократия бір ұрпақтың иығына түскен ауыр миссия екенін уақыт көрсетті. Кейбір жігіттердің уақыт сынына шыдамай моральдық дағдарысқа ұшырап тағдыр тәлкегіне түсіп, сынып кеткенін көрдік, кейбірі қарама-қайшы замана салмағына шыдамай, фәниден бақи өтіп кетті.
Рухы мықты азаматтар уақытқа бейімделіп ел игілігіне ауқымды қызмет жасауда, соның бірі – Зайлағи. Ол аралдық болғандықтан, одан Арал туралы естіп білдік, әңгімесі теңіз, мақтайтыны балық болатын, теңіздің қашқанын, тұздың басқанын жүрегі қынжыла жылап айтар еді.
Оқу бітіріп жан жаққа қызметке тарағанымызда Зайлағи Қазақ Ғылым Академиясының философия және құқық институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасып, Алматыда қалды.
Тағдырының сыйы оған ғылыми жетекшісі болып заң ғылымының заңғары, академик С.Зиманов бекітілді, содан Зайлағидың бар өмірі ғылымға арналып, қазақ халқының ғасырлар бойы өмір болмысын тербеген дәстүрлік құқығын зертеуді нысан етті. Бір данышпанның «Құдайдан кейінгі күшті – білім мен дәстүр» деп айтқаны бар еді. Зайлағи Жантуғанұлын мына мидай далада қазақты қалыпты ұстап, бейбіт өмірін реттеп тұрған билер соты мен әдеп-ғұрып заңдарын, ғасыр қойнауынан суырып түбегейлі зерттеген, оны ғылыми тұжырымдаған ғалымдардың бірегейі десек артық емес. Кандидаттық диссертациясында қазақ қоғамының дәстүрлі құқықтық реттеу механизмінің күшпен қиратылып, жаңа кеңестік таптық, мүлде қатаң құқық жүйесінің кіргізілуі, көшпелі өмір салтына берілген моральдық соққы болғаны, қазақтың нормативтік санасы аяусыз өзгертілгенімен оның дәстүрлік құндылықтары ұлттық санада ұзақ қалуы, оның дала қазағының тұрмысын реттеуде функциялық қасиетінің өміршең болуы терең зерделенді. Ол еңбегін уақыт цензурасы аясында астыртын жанама тілмен жазса да ғалымдар түсінетін, тың ойлар айтып, батыл қадам жасай білді.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда докторлық диссертация қорғап, көшпелі қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық мәдениет проблемасын ғылыми айналысқа кіргізді.
Қазақ халқының ғасырлар қойнауына кетер тарихы, адамгершілік пен иманға негізделген тек өзіне ғана тән ұлттық құқықтық мәдениеті бар екенін ғылым тілінде анықтады. Қазақтың өзіндік, күшпен зорлыққа негізделмеген құқықтық жүйесі бар екені, оның реттеу тетігі төл мәдениетке ұлттық этикаға сүйенген өркениет болғанын жариялап, оны жүйелі зерттеу объектісіне айналдырып, көптеген шәкірт тәрбиелеуі Зайлағи Жантуғанұлының қазақ ғылымына қосқан зор үлесі деуге толық қақымыз бар.
Адамзатты азғындаудан тек мәдениет құтқарады деген қағидатты арқау етсек, құқықтық реттеуде мәдениет пен ұлттың дәстүрлі құралдардын пайдалану әлемде заманауи тақырыпқа айналып келеді, болашақта ғалымдар құқықтың рухани негізге сүйенуі, сұранысқа ие болатынын айтуда. Оны осыдан отыз жыл бұрын айтқан Зайлағи уақыттан озған ғалым деуге болады.
Жоғарғы Соттың төрағасы болып тұрған уақытта республика судьяларына билер соты, оның құндылықтарын оқуды ұйымдастырып, 2008 жылы 22-23 мамырда Алматы қаласында «Алатау» шипажайында «Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесі» атты халықаралық конференция өткізген едік. Ол конференция көтерген мәселесінің өзектілігі мен құндылығына байланысты еліміздің ғылыми өмірінде маңызды оқиға болды. Конференция жұмысына С.Зиманов бастаған 12 академик, шет елдерден оншақты марқасқа ғалымдар, ресми қонақтар, құрметті қонақ ретінде Сауд Араб Корольдігінің Әділет министрі Аш-Шейх Абдалла қатысқан еді. Конференция жұмысын ұйымдастырушы және менімен бірге теңтөраға академик Салық Зиманов болды. Конференция қабылдаған ұсыныста «Республиканың сот және өзге құқық қорғау органдарының қызметін жақсарту және жетілдіру, олардың жұмысына заңдылық қағидаларын нығайту мақсатында тәуелсіздік пен халықшылдық, әділдік пен бұра тартпау, жариялылық пен дәлділік, шешендік пен ойды нығайту, адамға құрмет көрсету мен сенім, әлеумет пен бірлестікте тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылыс секілді билер әділ сотының жалпы мәдени құндылығы мен тәжрибелерін қолдану және халық игілігіне жарату» көрсетілді.
Ондағы ойымыз болашақта сот процесін өзіміздің билер сотының озық тәжірибесіне сүйеніп, әлемде «прецеденттік құқық жүйесі» деп аталатын жүйеге ыңғайластыру еді. Казіргі англо-саксондық мемлекеттер және британ достастығы елдерінде, судья өзі тергеп, өзі шешім шығарып, екіжақты тең жарыстырып, шындыққа жетіп санкцияны әділдік, адамгершілік тұрғысынан шығарып жататын, қасаң заңға тәуелді емес сот жүйесі бастауын көшпелі өркениеттің билер сотының сілемінен алатынын шетел ғалымдары көптен ашық айтуда. Бұл да Ұлы даланың әлем жауһарына қосқан зор үлесі. Елбасы тоқталып өткен мәдениетіміздің бір алтын қыры.
Мәдениеттің тұғыры – дін. Оның құдіретін сезіп, адам болмысының құдай жаратуында екенін ғылым тіліне аударып, құқықтың төл бастауы Алла қиқыметі екенін қауымға жеткізуде, жас ұрпаққа жаратушыны тануда, Құранның құқылық мәйегін терең зерделеуде Зайлағи табанды еңбектенуде. Зайлағи Жантуғанұлы – сыйлас дос. Оның ерке мінездерін кейде сағынамыз.
Үзеңгілес замандастың жақсылығын тілеп, досты сыйлау мына қамшының сабындай қысқа өмірдің бір парызы ғой, амандықта болу бәріне нәсіп етілсін. Бірге оқыдық, қырық үш жыл әңгімеміз жарасып бірге келеміз, досқа құрмет, ортаға адалдық қашанда бойыңнан табылды.
Бойдағы білімді, иманды жүрегіңді Отанымыздың көркеюіне, оның алдыңғы отыз елдің санатынан көріну қызметіне жұмса.
Шерағаң айтушы еді «алпыс тал-түс» деп. Кәрілікке бой берме, алда талай асу бар. Беделің үстем, абыройың биік болсын.
Бірге оқыған азаматтардан үзеңгі оздырып, алғашқы ғылым докторы биік лауазымына жеттің, «ғалымның хаты, жақсының аты – мәңгілік» дейді халқымыз.
Қайрат МӘМИ,
Конституциялық кеңес төрағасы,
заң ғылымдарының докторы, профессор