Арыстағы жарылысқа байланысты сот басталды
Арыстағы жарылысқа байланысты сот басталды
274
оқылды
11 маусымда Шымкенттегі Сәуле шағын ауданында орналасқан №35748 әскери бөлімінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасындағы жарылыс бойынша сот отырысы басталды. Істі Шымкент әскери гарнизонының соты қарап жатыр. Алайда Арыс қаласының тұрғындары   соттың Арыста өтуін талап етуде.
Шымкент гарнизонының әскери сотының дерегінше, сотта 16 адам айыпталушы деп танылған. Олардың арасында Арыс қаласындағы әскери бөлім қызметкерлері, қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды офицерлері де бар. Алты айыпталушы сотқа Нұр-Сұлтан қаласынан онлайн режимде қатысады.
Айыпталушылардың үстінен Қылмыстық кодекстің «Қызметке салғырт қарау», «Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» бабы бойынша түрлі айыптар тағылған. Естеріңізге, салсақ, былтыр маусым айында Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасы жарылып, 3 адам қаза болып, ондаған адам жарақаттанған еді. Мыңдаған үйге зақым келіп, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған еді.