Қазіргі таңда «Пандемиядан кейін қалай болады? Студенттер аудиторияға қайта келе ме? Әлде, қашықтан оқу жүйесінде қала ма?» деген басты сұрақ болып тұр. Әрине, алдағы уақытта қашықтан оқытудың орны да, мәртебесі де артады. Дегенмен университеттер мен мектептер білім ордасы ретінде сақталып қалады. Өйткені студенттердің негізгі білімді алатын, азамат ретінде қалыптасатын, әлеуметтік жағынан дамитын жері – осы оқу орындары. Университеттің мәдениеті, білім беру ортасының мәдени немесе психологиялық жағынан әсерін қашықтан оқыту бере алмайды. ТЖ кезінде студенттермен бірнеше рет онлайн кездесу өткіздім. Олардың ең басты сұрағы: «Ағай, университетке қашан қайтамыз?» болды. Олар ұстаздарымен тікелей жұмыс істегеннің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді. Қашықтан оқытудың да өзіндік оңтайлы тұстары бар. Студенттерді аудиторияда сабақтармен отырғызбай, көптеген нәрселерді қашықтан беруге, сөйтіп жаңа идея ретінде айтылып жүрген blended learning – аралас оқытуды енгізуге мүмкіндік туып жатыр. Бұл жағдайда практикалық оқытуды көбейтуімізге болады. Мысалы, университетте IV курс студенттерін жыл бойы төрт күн мектептерге практикаға жіберіп, екі күн университетте теориялық білім алатын жүйе енгізгенбіз. Енді студенттер практика кезінде университетке келмей-ақ, қашықтан тапсырмаларын орындайтын жүйеге көшпекпіз. Сонда студенттер университетке жыл басында, сосын ортасында бір аптадан келіп, сол уақытта тапсырмалар мен аралық бақылауларды орындайды және семестрдің соңында сессия тапсыруға келеді. Басқа уақытта тек практикада жүреді. Алдағы уақытта білім беруде дәстүрлі әдіске қосымша қашықтан оқытуды да пайдаланғымыз келеді. Бұл әдіс студенттердің өзіндік жұмыстарының маңызын, жауапкершілігін арттырды. Бұрынғыдай топпен бірге жүріп тапсырмаларын орындайтын жағдай жоқ, әркім өзі үшін жауап береді. Студенттер өз бетінше білім алуға, өзін-өзі дамытуға бейімделді. Қашықтан оқытудың көп мүмкіндіктері бар. Бұл әлемдік үздік тәжірибелерді алудың жақсы жолы екен. Қазір 6-7 елдің ғалымдары бірігіп, конференция өткізіп жатырмыз. Олар өз ой-пікірлері мен ғылыми жетістіктерін ортаға салады. Бұрын мұндай конференцияларды өткізу үшін бір елде жиналып, бірі келіп, екіншісі жеке жағдайына байланысты қатыса алмай қалып жататын. Қазір белгілі бір тақырыпты белгілеп, бірер сағаттың ішінде әлемдік деңгейдегі кездесулер өткізіп жатырмыз. Бейнеконференциялардың мүмкіндігі зор екеніне көзіміз жетіп отыр, оны алдағы уақытта пайдаланатын боламыз. – Қазір тағы да сын сағатта тұрмыз. Мектеп түлектері ҰБТ тапсырып, қалаған мамандықтарын игеруге бағын сынайды. Талапты, бірақ сынақтан сүрініп қалған жастарға қандай да бір жеңілдіктер бар ма? Бұдан бұрын «Алтын белгі» иегерлеріне жеңілдіктер қарастыруға бастамашы болғаныңыздан хабардармыз. Биылғы талапкерлерді қандай жаңалықтар күтіп тұр? – Иә, биылғы талапкерлер ерекше жағдайда сынақ тапсырғалы отыр. ҰБТ санитарлық тәртіпті қатаң сақтау жағдайында өтеді. Ал грантқа конкурсқа және университетке түсуге өтініш беру онлайн түрде өтеді. Біз барлығын осылай ұйымдастырып, талапкерлерге толық жағдай жасауға дайынбыз. Ал ақылы бөлімге түсетін жастарға арналған көптеген жеңілдіктеріміз бар. Ең алдымен, үздік оқыған, ҰБТ-дан жоғары балл жинаған балаларға келесі жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, «Алтын белгімен» бітірген, бірақ грантқа ілінбей қалған балалар бізде бір жыл ақысыз оқиды. Әрі қарай өзінің білімін дәлелдеп, үздік оқып жатса, одан әрі ақысыз оқуды жалғастыра береді. Тек өткен жылдың өзінде осындай жеңілдіктердің арқасында 545 «Алтын белгі», «Үздік аттестат», «Үздік диплом» иегерлері оқуға түсті. Оның 400-ден астамы педагогикалық мамандықтарды игеруде. Бұл балалар білім, маман сапасын көтереді. Мұндай жеңілдіктерді биыл да жалғастырамыз. Сонымен қатар ҰБТ-дан 110 балдан жоғары жинаған балаларға да 50 пайызға дейін жеңілдік береміз. Әлеуметтік жағынан жеңілдіктер де қарастырылған. Өткен оқу жылында 1 600 балаға жеңілдік бердік. Университеттің әлеуметтік жағынан өзіндік осындай саясаты бар. – Осыдан біраз бұрын бастамашы топпен бірге Алматы қаласындағы ЖОО жатақханаларының жайымен танысқанбыз. Сол кезде аядай бөлмеде бес-алты баладан тұратын, тіпті санитарлық нормаға сай келмейтін жатақханаларды да көзбен көрдік. ҰПУ өз студенттерін жатақханамен қаншалықты қамтамасыз етіп отыр? – Университеттің бес жатақханасы бар. Оның үшеуі 60-жылдары салынған. Өкінішке қарай, жатақханада орын аз. Бүгінде студенттердің 30-40 пайызын ғана жатақханамен қамтамасыз ете аламыз. Негізгі ережеміз бойынша 1-курсқа қабылданған студенттердің бәрін міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз етуіміз керек. Жатақханаларда студенттерге барынша жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының бірі – студенттерге жатақхана салу мәселесі біз үшін өте маңызды. Қазір бір жатақхана құрылысын бастадық. Алдағы уақытта тағы да жатақхана салып, бұл мәселені шешетін боламыз. – Жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас мамандардың өмірде өз орнын тауып кетуі – үлкен мәселе. Сіз басқаратын оқу орнындағы «Мансап орталығы» осы мәселенің түйінін шешкен сыңайлы. – Иә, «Мансап орталығының» жұмысы жақсы жүріп келеді. Өткен жылғы түлектеріміздің 97 пайызы жұмысқа тұрды немесе магистратураға түсті. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Республика бойынша бұл көрсеткіш 80 пайыздың шамасында. Бұл нәтижеге жетуімізде «Мансап орталығының» рөлі үлкен. Орталық тек Алматы қаласының мектептерімен ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласының және барлық облыстардың мектептерімен жұмыс істейді. Биыл университетті 2 мыңдай бала бітірсе, қазірдің өзінде оларға 4 300-ден астам сұраныс түсті. Сұраныс болған соң түлектердің таңдауы көп. «Мансап орталығы» басқа педагогикалық мамандық дайындайтын университеттердің жастарын да сол бағытқа жіберіп жатыр. Демек, бұл орталықтың ауқымы кеңейіп, аймақтық болып келеді. Осыдан екі жыл бұрын біздің университет, облыстардың білім беру басқармалары мен ЕDTEСH білім беру орталығымен бірлесіп «Білім беру» альянсын құрғанбыз. Альянс ауқымында кәсіби бағдар беру, мамандар дайындау және оларды бағыттау істерімен айналысамыз. Қазір облыстық білім беру басқармалары бізге тікелей байланысқа шығады. «Мансап» деген мобильдік қосымша бар. Жоғары курс студенттері сол қосымшадан қай жерде бос жұмыс орындары бар екенін біліп отырады. Бұл әдіс жас мамандардың кедергісіз жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіндік тудырып отыр. – Әңгімеңізге рақмет!Қашықтан оқытудың да өзіндік оңтайлы тұстары бар. Студенттерді аудиторияда сабақтармен отырғызбай, көптеген нәрселерді қашықтан беруге, сөйтіп жаңа идея ретінде айтылып жүрген blended learning – аралас оқытуды енгізуге мүмкіндік туып жатыр.
Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ