Салтанатты шара барысында «Jas Otan» Жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев белсенді жастарға алғысхаттарды табыстады. Ол кездесуде волонтерлер бүкіл ел бойынша 250 мыңнан астам отбасыға азық-түлік себеттерін, бетперделер мен ең қажетті заттарды жеткізіп бергенін атап өтті. Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдай кезінде де жасотандықтар белсенділік танытып, тұрғындарға көмек көрсетті. Олар қазіргі кезге дейін судан зардап шеккен азаматтарға қол ұшын беруде.
– Өздеріңіз білетіндей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қорының желісі бойынша, меценаттардың қолдауымен аса мұқтаж отбасыларға атаулы көмек ұйымдастырылды. Осы жұмыстарды атқаруда волонтерлер ерекше еңбек сіңіріп, ауызбіршілік танытып, ұйымшылдықпен бірлесе жұмыс істеді. Біз де өз кезегімізде жақсылық жасап жарысып, мұқтаж адамдарға қуаныш сыйлаған барша еріктілерге алғыс айтамыз, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Айта кетейік, осы аптаның ішінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан алғысхаттармен үш мыңдай қазақстандықты марапаттау жоспарланып отыр. Олардың арасында партияның өңірлік филиалдарының волонтерлері мен белсенділері, сондай-ақ қайырымдылық ұйымдарының өкілдері бар.