Сенат тиісті түзетулер енгізілген заңды екі оқылымда қабылдады.
Сенаттың жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге атқарушылық іс жүргізу және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды. Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов заң жобасында Қылмыстық кодекске бірқатар түзету қосылатынын атап өтті. Ол түзетулер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жала жабу» бабын қылмыстық сипаттан арылту керек деген тапсырмасын орындауға бағытталған.
– Осыған орай, депутаттар жала жабуды Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ауыстыруға бастама көтерді. Бұл халықаралық тәжірибеге, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Стамбұл іс-қимыл жоспарының ұсынысына сай, – деді халық қалаулысы.
Сондай-ақ әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік, топтық немесе діни араздықты қоздырғаны үшін жауапқа тартуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 174-бабы да біршама өзгерді. Атап айтқанда, «қоздыру» сөзінің орнына «тұтату» сөзі қолданылатын болды. Бұдан былай 174-бап бойынша заң бұзғандар айыппұл төлейді.
Сонымен қатар заң жобасында азаматтардың шетелге бару жөніндегі конституциялық құқығын қорғау мәселесі қозғалған. Мәжілісмендер елден шығуға уақытша шектеу қою мерзімін, тәртібі мен негіздерін, оның күшін жоюды қайта қарауды ұсынып отыр.
Өндіріп алынған, жеке сот орындаушысының ағымдағы шотында уақытша жатқан ақшаны қорғауға бағытталған нормалар енгізілді.
Асылбек Смағұловтың пікірінше, қазір осындай шоттарды бұғаттау салдарынан балалар алиментсіз, үлкендер жалақысыз, мертіккен адамдар жәрдемақысыз қалатын жағдайлар кездеседі екен. Бұл өз кезегінде, жұрттың наразылығын туғызуы мүмкін.