Тайынша қаласы карантинге жабылады
Тайынша қаласы карантинге жабылады
фото: ашық дереккөз
264
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша қаласында коронавирус індетінің асқынуына байланысты карантин шаралары қатаңдатылып, елді мекенге кіріп-шығу шектелді, деп хабарлайды Қазақпарат. Бүгін СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов онлайн брифинг өткізіп, мәлімдеме жасады. Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, 24 наурыз бен 13 маусым аралығында СҚО-да коронавирусты инфекцияны жұқтырудың 191 дерегі тіркелген. Оның 84-інде (44%) ауру белгілері болса, қалғандарында қауіпті инфекция тексеру барысында анықталған.
«Соңғы уақытта қауіпті індетті жұқтырудың 25 жағдайы тіркелді. Оның 13-інде ауру белгілері болды. 15-і науқастармен байланыста болса, 5-уі ауырып, дәрігерге қаралған, 4-і Ресейден келгендерде, ал біреуіне диагноз скринингтен өту барысында анықталып, қойылды», - деді Серікбай Қасмақасов.
21 жағдай СҚО тұрғындарына қатысты. 16-сы - Петропавлда, үшеуі - Тайынша, біреуі - Қызылжар аудандарында тіркелді. Ал бір адам Алматыдан жұқтырып келген.
«Тайынша қаласында қауіпті індет соңғы үш күнде төрт рет тіркелді. Осыған байланысты елді мекенге кіріп-шығуға шектеу қойылады, карантиндік шаралар қатаңдатылады», - деді облыстың бас санитар дәрігері.
Петропавлда коронавирусты инфекцияның үш отбасылық ошағы анықталды. Мұнда алтаудан сегізге дейін жағдай тіркелген. Сырқаттардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Осыған байланысты облыс орталығындағы балабақша, оқушылар сарайының және тренажерлік залдың жұмысы уақытша тоқтатылды.