Соңғы күндері түрлі мессенжерде «Алматыға кіріп-шығуға тыйым салынады» деген сыңайда хабар тараған еді.
«Алматыда карантиннің күшеюіне байланысты қайтадан блокпост қойылып, көлік қозғалысына шектеу қойылады деген ақпарат тарады. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Мұндай сенімсіз ақпараттарға сенбеңіздер. Барлық шынайы ақпарат қала әкімдігінің сайты секілді ресми ақпарат көзінде жарияланады», - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Нұр-Сұлтанда да 19 маусымнан бастап көлік қозғалысы тоқтап, қала жабылатыны туралы мәлімет тараған еді. Оны шаһар басшылығы жоққа шығарған.
Еске сала кетейік, 11 маусымда әлеуметтік желілерде Алматы облысында қайтадан блокпостар қойылатыны туралы хабар шықты. Осы орайда Алматы облысы және Алматы қаласының полиция департаменті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.