COVID-19 пандемиясына байланысты Назарбаев Университетінің биылғы түлектері дипломды виртуалды форматта алды. Оларды университеттің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі құттықтаса, оқу орнының президенті Шигео Катсу алған білімді қоғамның игілігі үшін қолдануға шақырды.
Айта кетейік, биыл Университетті 1051 студент бітірді, оның ішінде 618 – бакалавриат, 433 – магистратура және докторантура бағдарламаларының түлектері.
Салтанатты рәсімнің виртуалды форматы студенттерге диплом алуға, туыстарымен және достарымен қуанышты оқиғамен бөлісуге, пандемияға қарамастан, өздерінің мансаптық жолын бастауға немесе оқуларын жалғастыруға мүмкіндік берді.
Естеріңізге сала кетейік, Назарбаев Университетінің мектептері әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен, оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания және Сингапур университеттерімен әріптестікте әзірленген бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім береді.
Тиімді академиялық ортаны құру және елдің адами капиталын дамыту мақсатында АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Греция, Италия, Оңтүстік Корея, Ресей, Австралия, Үндістан және т.б. әлемнің 50-ден астам елінен 543 адамнан тұратын үздік ұлттық және халықаралық профессорлар Университетке студенттерді оқыту үшін тартылды.